Уақыт қажеттілігін тап басты

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында 16 наурыздан бастап елімізде енгізілген төтенше жағдай режимін тоқтатқанын хабарлады. Індеттің шарықтау шегінен өтсек те, дағдарыс әлі толық еңсерілмей тұрғаны баса айтылып, халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесті қолдау үшін 500-ге жуық шешім жүзеге асырылғанын назарымызға жеткізді. Пандемияның халық денсаулығына әлі де қауіптілігін ескере келе карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынатынын айтты. Қазірдің өзінде көптеген шектеулер алынып тасталды. Дүкендердің біразы бүгіннен бастап ашылды, сән салондары, білім орталықтарының қызметі қайта жанданып, саябақтар ашылады. Алайда, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстану керек екендігін және жаңадан дайындалатын санитарлық ережелер енгізілетіні туралы айтылды. Президент атап көрсеткендей, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуы тиіс. Адамдардың қауіпсіздігіне байланысты қатаң санитарлық режим сақталуы қажет екендігін ескерте келе Президент індеттің көп таралуына байланысты экономикалық мәселелердің қатты ушығып кеткенін атап көрсетті. Мемлекет тарапынан дер кезінде қабылданған шұғыл шаралардың нәтижесінде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы тоқталған дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтары мынадай: барша азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау; азаматтардың табысын арттыру; бизнесті қолдау және оны дамыту; білім және ғылым жүйесін жетілдіру. Ең өзекті мәселелер, оның ішінде тез арада экономиканың жаңа құрылымын жасау, яғни энергетика, ауыл шаруашылық, өнеркәсіп, қызмет көрсету секторларының болашақ құрылымына жаңаша қарау – қазіргі уақыттың қажеттілігі. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Президент үнемі экономикалық табыс әкелетін немесе адами капиталды дамытатын бастамаларды қолға алу қажеттігіне баса назар аударды. Экономиканы дамытудың қуатты көзі қолжетімді баспана құрылысы болуы тиіс. Осы мақсатта 390 млрд теңге «5-10-20» несиелік баспанамен қамтамасыз ету жаңа жобасына жұмсалатын болады. Ұлттық санитарлық эпидемиологиялық қызметті түбегейлі күшейту керектігін атай келе, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет беделді ғалымдар мен сарапшыларды тарту арқылы биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңесті құрады. Қашықтықтан оқыту режимінде балалар мен студенттерді оқыту әдістемесін дайындау арқылы білім саласын едәуір ыңғайлы етіп, еліміздің барлық оқу орындарын нақты цифрландыруды аяқтау тапсырылды. Қашықтықтан оқыту технологияларын қарқынды енгізу, білім беру бағдарламаларының мазмұнын қайта қарап, оларды қолжетімді және интерактивті ету, ұстаздардың өзін жаңа талаптарды ескеру арқылы дайындау – білім саласының алдына қойылған өте маңызды міндеттер. Табысты жүзеге асырылған қашықтықтан жұмыс істеу форматы маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау барысында қолданылған заманауи технологиялардың жеткіліктілігін және өзектілігін көрсетті. Сондықтан да Президент Үкіметтің, министрліктің, әкімдіктердің отырыстары мен жиындарын барынша қашықтықтан форматында өткізуді ұсынды. Электрондық үкімет тұжырымдамасының мәнін қайта қарап, кеңес беру, анықтамалар алу, өтініштер беру онлайн операциясы режиміне ауыстыру арқылы «еgov» тілін тұрғындарға қарапайым және түсінікті ету керектігін ескерте келе, Мемлекет басшысы экономика мен қоғамды цифрландырудың барлық процестеріне жаңа серпін берудің маңыздылығын атап айтты. 1 мамырда Түркістан облысында болған су тасқыны салдарынан орын алған техногенді сипаттағы төтенше жағдайға қатысты мемлекет тарапынан шұғыл қабылданған шаралардың арқасында су тасқынының әрі қарай таралуына жол берілмеді. Президент зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмайтынын және оларға жәрдем берілетіндігін айтты. Отандық және шет елдік бизнес өкілдері зардап шеккен тұрғындарға көмек бергенін ерекше атап өтті. Бүкіл ел болып зардап шеккен ауданға көмек қолын созу қасиетті Рамазан айында сауапты іс. Бірге болсақ барлық қиындықтарға төзе аламыз, себебі елімізде кез келген міндетті орындауға мүмкіндіктер жеткілікті. Біз біргеміз!

Ж.Орынбаева,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.