Қиындықты еңсеру жолы – жұдырықтай жұмыла білу

0

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізді. Жиын барысында Президент арнайы мәлімдеме жасап, бірқатар өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Елімізде коронавирус пандемиясы таралуына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілгені мәлім. Бүгін еліміз бойынша осы төтенше жағдай режимі тоқтатылды. Алайда, қауіп әлі сейілген жоқ. Осыны жете түсінген Президент алдағы уақытта шектеу шараларының қалай жүргізілетінін басты назарға алды. Бұл жөнінде ол: «Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады. Соған қарамастан көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады. Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шықты. Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады. Саябақтар ашылады. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады»,- деді өз сөзінде. Дегенмен, облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді. Сондай-ақ Президент жұртшылықты әлі де үйінде отыра тұруға шақырып, індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін екенін де ескертті. Мұның барлығы ең бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып отырғанын әрбір адам жете түсінгені абзал.
Әлемді дүрліктірген кесел елімізді де айналып өтпеді. Дер кезінде қабылданған шешімдердің арқасында індеттің жаппай таралуына жол берілмеді. Қауіпті ауру елімізге енген тұста-ақ білім беру мекемелері қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Бұл елімізде ұрпақтың жарқын болашағы әрдайым бірінші орында тұрғандығының дәлелі. Халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұған Қасым-Жомарт Кемелұлы жиын барысында сөйлеген сөзінде егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Жуық арада бизнесті қолдау және оны дамыту, білім және ғылым жүйесін жетілдіру секілді бірқатар мәселелер шешімін таппақ. Оларды іске асыру жолдары да Президенттің бүгінгі мәлімдемесінде айтылды. Қорыта айтқанда, ел басына төнген уақытша дүрбелеңнен жұдырықтай жұмылып қана шыға аламыз. Бұған дейін де ел тарихында сан түрлі қиындықтар өткен. Оның барлығын тек бірлік пен берекенің арқасында еңсере білдік. Бұл жолы да «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, сабырмен ғана бұл кедергіден өте аламыз. Біз біргеміз!

Тараз қалалық мәслихатының
№5 округ депутаты
Қызылғұлова Ләззат Әбілдақызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.