Өлшеусіз еңбектің өтеуі

0

Мойынқұм ауылының тұрғыны, қара шаңырақтың шырақшысы, 104 жасты еңсерген — Дәнеқыз Нұрбаева әжей сұрапыл соғыс кезінде тылда еңбек еткен аналарымыздың бірі. Сонау соғыс жылдарында елдегі ауыр еңбектің салмағын иығымен көтерген 104 жастағы қария, қазіргі тіршілікке салауат айтады. «Сырлы қасықтың сыры кетсе де, сыны кетпес» деген бір өнегелі сөз бар ғой. Әсте, осы мақал әжемізге арналғандай екен. Отбасының берекесіне айналған әжей әлі де тың, өздігімен тұрып, жүреді. Төңірегіне шырай беріп, ұрпақтарына үлгі болып отыр. Иә, бір ғасыр жасаған әжей – 1929-1932 жылдардағы ашаршылық жылдарын, екінші Дүниежүзілік соғысты да бастан өткерген. Жастайынан еңбекке етене араласқан тыл еңбеккері — қиын-қыстау заманда еліне еңбек етті. Қазіргі таңда сол бейнеттің зейнетін көруде. Ол кісінің «Елімізде бейбітшілік, тыныштық болсын» – деген сөзінің астарынан жүрегіне соғыстың сызы ғана емес, тоқырау жылдарының да қиындығы батқаны аңғарылады. Өйткені Дәнеқыз апаның құдай қосқан қосағы Баялы Шілменбетов те соғыстан кейін елге мүгедек болып оралған Ұлы Отан соғысының ардагері. Сол дәуірдің тағы бір белгісі –халықты еңбекке жұмылдыру науқаны бүгінде ұмытылып қалды. Соның бір көрінісі — Стаханов деген кісінің есімімен аталған еңбек қозғалысына Дәнеқыз апа да қатысып, «социалистік жарыстың» жеңімпазы болған. Яғни, алдыңғы қатарлы стахановшы атанған. Бұдан басқа да әр түрлі салаларда еңбек озаты болғанын айта кеткеніміз жөн. Бүгінгі таңда әжей үш ұл, екі қызынан бірнеше немере, шөбере сүйіп отырған бақытты жан. 104 жас жасаған анамыздың деніне саулық тілейміз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.