Ардагерлерге мың тағзым!

0

Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл. Бұл – аға буын ардагерлеріміздің жанқияр ерлігі мен еселі еңбегінің жемісі. Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары алыстап барады. Десек те, Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан баһадүр бабаларымыздың ерен ерліктері ұмытылмайды. Осы орайда бүгін Жамбыл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі мен аудандық Мәдениет үйінің ұйытқы болуымен Ұлы Отан соғысында елін-жерін қорғаған жауынгерлердің құрметіне музыкалық тосынсый жасалды. Аса ауылынан бастау алған Жеңіс күніне арналған мерекелік автошеру Айшабибі және Амангелді ауылындағы соғыс ардагерлерінің тұрып жатқан үйлерінің ауласына қойылған шағын концертпен аяқталды.
«Жыл сайын ардагерлерді құттықтауды дәстүрге айналдырдық. Биыл карантинге байланысты қарттарды бір жерге жинай алмағандықтан, әр ардагердің үйіне келіп, жекелей құттықтауды жөн көрдік», — деді аудандық мәдениет үйінің директоры Индира Тоғанбаева.
Оның сөзіне қарағанда, өнер ұжымы осындай форматтағы құттықтауды алғаш рет жасап отыр. «Біз соғыс жылдарындағы, әскери әндерді орындап келеміз. Ауданда 2 соғыс ардагері бар, бүгін оларды құттықтап, тағзым ету біздің еншімізге тиіп отыр, — деді ол. Осындай тосын сый ардагерлер үшін күтпеген жағдай болды. Қарттар көз жасына ерік беріп, өнер ұжымына алғыстарын айтып жатты.
«Бүгін маған осындай сыйлық жасағандарыңызға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Бұл Жеңіс бізге үлкен ауыртпалықпен келді. Соғыстың қиындықтары әрбір отбасыны шарпыды. Біз осыны еңсеріп, жеңіске қол жеткіздік», — деді 97 жастағы соғыс ардагері Қасен Шамбаев. Сонымен қатар Амангелді ауылының тұрғыны қарт майданер Бердалы Қарымсақов та өзінің алғысын айтты. «Осындай мерекелік көңіл күй сыйлағандарыңызға көп рақмет! Бізге көңіл бөліп, қолдап жүргендеріңізге қуанып отырмыз», — деді ол.
Бүгінде осындай қайсар қарияларымыздың қатары азайып бара жатқандығы жанға батады. Батыр бабаларымыздың қатары сирегенімен, ерен ерліктері еш ұмытылмайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.