Ардагерлерді қолдау негіздерін айқындаған құжат

0

Әрине, ардагерлерге әлеуметтік қолдау шараларын ұсынудың ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық негіздерін айқындайтын арнайы заң өте қажет еді. Енді міне, сол қажеттілік өтеліп, қабылданған заң күші Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, соғыс ардагерлеріне теңестірілген адамдарға, еңбек ардагерлеріне және басқа азаматтарға қолданылмақ.
Бүгін жарияланып отырған «Ардагерлер туралы» Заңда ардагерлердің мәртебесі қалай белгіленетіні, оларға нақты қандай әлеуметтік қолдау шаралары жасалынатыны айқын көрініс тапқан. Бәрінен бұрын, әлеуметтік қолдау көрсетілетін азаматтар қатарына Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері, еңбек ардагерлеріне қоса, Ауған соғысына, Ирактағы бітімгершілік операцияға, Таулы Қарабахтағы қақтығысты реттеуге, Чернобыльдағы апатты жоюға қатысушылардың қосылғаны құптарлық. Бұған қоса, Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі «Даңқ» және «Еңбек даңқы» ордендерінің иегерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері, әскери міндетін өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары да ұмыт қалмаған.
Ал, әлеуметтік қолдау шараларында ардагерлерге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленбек, тұрғын үй немесе үй салуға жер алуда, медициналық көмек алуда, байланыс қызметін пайдалануда жеңілдіктер жасалмақ. Қолдау шараларының барлығы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асатыны Заң талаптарының сөзсіз орындалатынына кепілдік бере алады.
Жалпы халықты, оның ішінде ардагерлерді қолдауды көздеген Заңның шарапатын тиісті адамдардың түгел көретініне сенімім кәміл.

Рүстем Бегалиев,

Жамбыл ауданыдық мәслихатының хатшысы, ауданның құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.