Қаһармандықтың қадірін білу деп түсінемін

0

Мәртебесі ең биік мереке – Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы қол қойған «Ардагерлер туралы» Заңның мәтінімен танысып, онда жазылған баптардың барлығын қуана құптадым. Бұл – ардагер деген атқа лайық асылдар қауымын ардақтау, қаһармандық пен қайсарлықты, елдік пен ерлікті паш еткен ақиық жандарды қадірлеу деп түсінемін.
Арамызда көңілі – қазы, көзі – таразы, дария кеуде, тау мүсін қарттарымыз да, сұрапыл соғыстың зарпын татқандар да, бейбіт күнде ерлікке жол ашқан сайыпқырандар да, еңбегімен ел еңсесін тіктеген арда азаматтар да бар. Олардың абыройы асқақ, беделі биік. Әрбіріне қолдау мен қамқорлық көрсетіліп те келеді. Ерліктің елге ұран, кейінгі ұрпаққа өшпес мұра екенін күн құрғатпай айтып та жүрміз. Аталар ізінің көнермеуіне, ұрпақтар сабақтастығын жалғауға, қасиетті дүниелердің ырыс-құтын қашырмауға, киесін желге ұшырмауға бейіл бергенбіз.
Осындай адал ниет, игі дәстүріміз болғаннан кейін де біздің берекесі бар, егемен ел атанып отырғанымыз. Ендігі жерде сол берекемізді баянды етуге бүгін жарияланған «Ардагерлер туралы» Заң сүбелі үлес болып қосылмақ. Құнды құжаттың қолданылу аясы кең, ұсынылған әлеуметтік шаралар ауқымды.
Әлбетте, заңда мәртебесі белгіленген азаматтардың барлығы қандай құрметке де лайық. Өйткені олар Отан үшін денсаулығын берді, өмірін қиды. Ақысына ештеңе талап етпеді. Атақ-абыройды ешкімнен қалап та, сұрап та алған жоқ.
Ардагерді қолдау – ардың ісі. Мемлекетіміздің мерейі осындай өркенді істен көрінсе керек.

Сансызбай БЕРТАЙҰЛЫ,
Жамбыл аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.