Байзақтықтар аға ұрпаққа құрмет көрсетті

0

Ұлы Жеңіс аға ұрпақтың ержүрек батырлығымен, ерлік жігерімен келді. Жеңіс тылда еңбек еткен әрбір азаматтың маңдай терімен келді. Жыл өткен сайын кешегі соғыс зардабы алыстағанымен, сол бір сұрапыл жылдар халық жадында мәңгілік сақталып қалмақ.

Мереке қарсаңында аудан аумағындағы тыл еңбеккерлері де елеусіз қалмады. Оларға әр саладағы ұжымдар құрмет көрсетіп, сыйлықтар табыстады. Мәселен, мұндай игі іс алғашқылар қатарында Бурыл ауылдық округінен бастау алды. Бүгінде аталмыш ауылдық округте жиырма жеті тыл еңбеккерлері тұрады екен. Солардың бірқатарына аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил, №14 сайлау округінен депутат Ерлан Әшірбеков, аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Арғынбай Сқақов, ауылдық округ әкімі Ерік Әліқұлов мереке қарсаңында арнайы барып, ардагерлерді келе жатқан Жеңіс күні мейрамымен құттықтады.
Алдымен Қайрат Әбілханұлы бастаған топ тыл еңбеккері Әмірхан Байтараховтың, одан соң тыл еңбеккерлері Надежда Шейрер және ерлі — зайыпты Мурат Султангузин мен Фания Султангузинаның отбасында болды.
Аудан әкімінің орынбасары өз құттықтауында: «Майдандағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. Өскелең ұрпақ жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ауызбіршілігі мен ерлігі, ерекше табандылығы мен Отанға деген ыстық сезімінің арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткізгенін білуі тиіс», — дей келе, Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен еңбектің үлгісін көрсеткендері үшін ардагерлерге шынайы алғысын білдіріп, сый — сияпаттар табыс етті.
Құрметке бөленген тыл ардагерлері өз естеліктерімен бөлісіп, аудан басшылығына ризашылықтарын айтып, ынтымағы жарасқан елдің алар асуы мол екендігіне сенімдерін білдіріп, ақ баталарын берді.

*
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерекесі ғасырлар бойы тойлана беретін, бүкіләлемдік тарихи маңызын ешқандай уақыт тез өшіре алмайтын, қайта жыл өткен сайын жарқырай түсетін, жаңғыра беретін жарқын мереке болып қала бермек. Бұл күн бүкіл өркениетті әлемді тырнағынан қан тамған қаскөй пиғылдарға қарсы ымырасыз күрес туы астына біріктірген ұлы үрдіс, ұмтылыс күн болып адамзат жадында мәңгі сақталады.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, аудан аумағында тұратын қарт жауынгерлер Рахымжан Мамырайымов пен Өнербай Молдабаевқа әрбір ұжым құрметтерін көрсетіп, мерекелерімен құттықтауда. Сондай игі істі әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің директоры Амангелді Тлепов бастаған ұжым қызметкерлері де жасады. Олар қарт майдангерлермен емен – жарқын әңгіме құрып, күмбірлеген күй мен әуелеген әсем әннен шашу шашты. Қарттарға көтеріңкі көңіл – күй сыйлаған өнер иелері мерекелік сыйлықтарын ұсынып, қариялардың алғысына бөленді.
*
Айтып өтейік, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, аудандағы Ұлы Отан соғысының мүгедегі мен ардагері бір миллион теңгеден материалдық көмек алады. Ал, тыл еңбеккерлеріне 50 мың теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Қазіргі таңда, ауданымызда екі соғыс ардагері және 177 тыл еңбеккері тұрады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.