Санаға рух, жанға жігер берген мақала

0

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен бәрімізді ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, қоғам үшін игі іс жасауға үндеді. Бұл бағдарламалық мақала көпшілікке парасатты ой тастады. Елбасының бойымыздағы рухани құндылықты түлетіп, жаңғырту жолындағы ойлары мен бастамалары санаға рух, жанға жігер берді.

Кез келген қоғам ұзақ уақыт бойы жинақталған тәжірибені келесі ұрпаққа ізгі дәстүрінсіз жеткізе алмайтынын есте сақтағанымыз абзал. Халық шариғатқа қайшы келмейтін дәстүрімен жаңаны жалғап барып қадам жасауы – оның өмір сүруінің алғашқы белесі. Осындай рухани тұтастық жоқ жерде ұлттық дүниетанымдық үзік пайда болады. Ұрпақтар сабақтастығы деген халық болып ұйысып өмір сүру мүмкіндігі, жекешілдік емес, ұжымдық, елдік үрдіс болғандықтан, ұлттық құндылықтарымызды дінімізбен сабақтастыра жаңғыртудың маңызы өте зор.

Дін – қоғамдық қатынас пен күллі адам жаратылысын біріктіруге, тұтастыруға жіберілген асыл құндылық. Адамзат баласы өз табиғатын, әуелгі жаратылысын бұзбай, имандылыққа сай танып-біліп, сана-сезімімен қабылдағанда ғана ақиқатқа жетеді.

Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен. Демек, қоғамға пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның.

Расында, өзінің туған өлкесінің көркеюіне үлес қоса білген азамат бүкіл елдің игілігі үшін қызмет ете алады. Патриотизм туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады. Жастайынан дініміз бен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, сусындап өскен ұрпақ теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпейді. Салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болады.

Бір сөзбен айтқанда, Елбасы өз мақаласында жастарды тектілікке тәрбиелеудің жолдарын нұсқап, тұжырымды ой айтты.

Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы,

Жамбыл ауданының бас имамы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.