Отқа оранса да, шоқ баспаған

0

Екінші дүниежүзілік соғысты біз көрген жоқпыз. Сол сұрапыл соғыстан аман-есен елге оралған майдангерлермен бүгінде сырласа қалсаң, «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс…» деп ауыр күрсіне отырып, сол отқа оранған жылдарын естеріне түсіріп, жанарлары жасқа шыланғанын талай көресің. Иә, талай өрімдей жас намысты жүрегімен Отан алдындағы антына, бабалар аманатына адал болып, қан майданға өз еріктерімен аттанды.

Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу дегенді білмей, ерлігімен ұрпаққа үлгі болды. Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған қайсар жауынгерлеріміздің бірі – Қасен Шамбаев еді. Кейде: «Бұл кісіні жақсы танимыз, оның өмір жолынан хабарымыз мол» деген адамдардың арасынан олардың тағдырында біз көп біле бермейтін жайттардың да кездесіп қалатыны бар.

Майдангер 1942 жылы 5 мамырда Мәскеу маңындағы Клин қаласында 16-армияның қарамағында соғысқа кірген. Москвадан 70 шақырым қашықтықта Белый қаласында соғысқа кіріп, сол жерде бір жыл 8 ай жаудың қоршауында болған. Қоршауда 3-дивизия, 22-дивизия және 44-гвардия полкі қалған болатын. Бір айдың ішінде снайпер болып оқып, соғыстың соңына дейін мерген болған ол қаншама фашистің көзін жойды. 1945 жылы Балтық теңізі жағалауында соғысты аяқтап, 1947 жылы 12 мамырда елге оралған. Араға бір жыл салып өмірсерігі Момынова Маликаға қосылған.

Соғыста жауынгерлігі мен айбынды ерлігі үшін «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», тағы басқа да медальдармен марапатталған майдангер бейбіт күнде де еліміздің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Бүгінде көз жанарының әлсірегені болмаса, денсаулығы жақсы. Жастық шағы соғыс өртіне шалынған, майдан даласында етікпен су кешкен, суыққа тоңып, ыстыққа күйген Қасен ата өткен-кеткенді ауыр күрсініспен еске алып: «Біздің көргенімізді Алла сендерге көрсетпесін, шырақтарым», – дейді.

Бүгінгі таңда осындай өр тұлғаның майдандағы ерлігі мен бейбіт замандағы ерен еңбегін насихаттау – кейінгі ұрпақ үшін парыз.

Әсем САНГИРБАЕВА,

Жамбыл аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі ББК (ӘПЖ).

Leave A Reply

Your email address will not be published.