Ерлігі ел есінде қалды

0

«Қариялар азайып бара жатыр», деп басталатын Мұқағали ақынның өлең жолдарында айтылғандай, бүгінде соғыс көрген ардагерлер түгілі, олардың өзін көрген аға буынның өзі азайып барады. Қан майданда жерін жаудан, елін езгіден, қызын күңдіктен, ұлын құлдықтан қорғаған ардагерлердің ерлігіне бас иіп, тағзым етуіміз керек.

Айталық, екінші дүниежүзілік соғыс қазақ даласына да қайғы-қасірет әкеліп, қаншама үйді қара жамылдырды. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен азаматтардың ерлігі арқасында жеңістің таңы атып, әр шаңырақ жеңіс тойын тойлады. Сондай ерліктің үлгісін көрсетіп, ерлігі тарих бетінде қалуға тиіс азаматтың бірі – жерлесіміз Тұрсынбек Дүйсембаев. Ол 1919 жылдың 15 қыркүйегінде Талас ауданына қарасты Ақтөбе ауылында дүние дидарын көрді. Небәрі алты айлық сәби кезінде ата-анасынан айырылып, жетім қалған майдангер туыстарының қолында өседі. Балаларына ұлағатты тәлім-тәрбие берген әкенің артында іздеушілері, ізбасарлары қалғаны, оған лайық құрмет көрсетуі заңдылық.

Әкесінің ерлігін айтып, өмірдерегімен бөліскен ұлы Бақытжан Дүйсембаевтың айтуынша, әкесі 1942 жылдың 11 тамызында Жамбыл аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылады. Сол жылдың қыркүйегінде 100-ші бригадада, одан әрі 1943 жылға дейін 134-артиллериялық полкінде 122 мм. Гаубицада атқыш болады. Өмір мен өлім арасында жүрген жауынгер жеріміздің шетіне жаудың табаны тимесін деп жан ұшыра айқасты. Мәскеуді азат ету ұрысында онымен бірге ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың баласы Алғадай, ақын Аманжол МәшҺурбекұлы да болған.

1943 жылдың ақпан айында екі аяғынан бірдей жарақат алып, Алматы қаласында 7 ай әскери госпитальда емделеді. Жарақаты ұрысқа қайта кіруге мүмкіндік бермей, аталған жылдың соңына қарай елге оралады. Сұрапыл соғыста жеңіс үшін күресіп, Отаным деп жанын шүберекке түйген ол қан майдандағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен және екі мәрте «Ерлігі үшін», «Мәскеуді азат еткені үшін», «Германиядағы жеңісі үшін» медальдарымен марапатталады.

Ерлік пен еңбектің үлгісін көрсеткен ол 1950 жылдан 1970 жылға дейін «Жамбыл-кірпіш» зауытында дәнекерлеуші болып қызмет жасайды. Еңбегімен жұртына сыйлы болған ақсақал бейнеттің зейнетіне жеткен шағында осы мекемеден құрметті зейнет демалысына шығады.

Мәңгілік ғұмырды адам баласына жазбаған. 1997 жылы Жеңістің елу екі жылдығы қарсаңында соғыс ардагері дүниеден озды. Жұмыста білікті дәнекерлеуші, үйде ардақты әкенің міндетін мінсіз атқара білген ол құдай қосқан қосағы Рахиля екеуі 3 ұл, 2 қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Бүгінгі күні үлкен қызы білім саласында қызмет жасаса, үлкен ұлы «Жамбыл-Жылу» мекемесінде басшылық қызметте. Отан, Жер-ана алдындағы парызын өтеген абзал азаматты ауыл ақсақалдары мен ұл-қыздары әрдайым есіне алып отырады. Халқы мақтан тұтар тұлға есімінің Жалпақтөбе ауылындағы бір көшеге берілгені Тұрсынбек Дүйсембаевқа көрсетілген үлкен құрмет деп білеміз. Онысы жөн-ақ.

Аталар алып берген жеңіспен бейбіт заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Сондықтан, ардагерлердің көзі кетсе де, есімдері мен ерлік істері жас буынның санасында сақталатынына сенеміз.

Туады ерлер ел үшін,

Өлмейді ісі мәңгілік.

Өшпейді абзал есімдер,

Ұрпаққа жетіп мәңгілік, – деп ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, батыр бабалардың ерлік рухына көрсетер құрметіміздің бір парасы осы болар…

Жәнібек АСАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.