Менің әкем — майдангер

0

Майдандағы ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран болып қалды. Біздің еліміз де сұрапылдан сырт қалған жоқ. Әкелеріміз бен аталарымыз намысын ту етіп, соғыс жылдарында өшпес ерлік, қаһармандық көрсетті. Қайсарлық пен қаһармандық, Отанға деген сүйіспеншілік сол соғыста жеңіске жол ашты. Майдангерлер мұқалмас ерік-жігер таныта білді. Соғыстың отты жылдарын бастан кешіріп, ажал тырнағынан аман қалған ерлер бейбіт еңбекке араласты. Солардың бірі – менің әкем Жуатбай Тағайбайұлы.

Әкем 1908 жылы жарық дүниеге есігін ашты. Соғысқа бастан-аяқ қатысқан. Әкем көзі тірісінде айтып отырушы еді. «Соғыс басталғанда 33 жастағы ақыл тоқтатқан, Отанға деген сүйіспеншілікті сезінген азамат едім. Намыс оты кеудемде жалындап, қарсы келген дұшпанға тап беретіндей күш-қуатым тасып тұратын. Негізі, мен соғыс жүрген жолдың бәрінен өттім десем де болады. Әсіресе, Ленинград майданында, Берлинді алудағы жойқын ұрыс естен кетпейді.

Бірде, полк командирі отты соғыстың ошағына айналған Берлинге барар жол бойын барлап, «тіл» алып келуге тапсырма берді. Қасымда әр ұлттың өкілдерінен құралған 6 сарбаз көрсетілген бағытқа қарай аттанып кеттік. Біз тек түнде жүріп отырдық. Кенет орманның бір түкпірінен болар-болмас сығырайған жарық көрінді. Жарыққа жақындай түстік. Сырнайдың дауысы естілді. Сонда немістер жеңіліп жатса да, той тойлауын қоймайды екен-ау дестік. Өздері мас па дейміз. Айқайлап өлең айтады. Шамалы уақыттан кейін үйден шыққан немістің еңгезердей біреуі бізге қарай келеді. Ойлануға уақыт жоқ. Қасымдағы орыс солдатын түртіп қалдым. Бұл менің мына сұмырайды қолға түсірейік деген белгім еді. Қас пен көздің арасында әлгі сарбаздың үнін шығармастан қолға түсірдік. Үйден тағы бір еңгезердей біреу Ганс, Ганс деп орманды жаңғырта айқайлай бізге қарай беттеді. Көп ұзамай ол да тұтқынымызға айналды.

Кейін білдік, екеуі де офицер екен. Олар командирлерімізге құнды мағлұмат беріпті. Осы барлаудағы ерлігіміз үшін алтауымыз да «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталдық», – деген әкем үн-түнсіз қалды. Сірә, сол күндерді еске алғысы келмеді ме, қасында тұрған мені қапсыра құшақтай алған. Байқаймын, сол сәт әкемнің көзінен бір тамшы жас үзіліп түсті.

Әкем соғыста талай ерлік көрсетсе керек. Оған омырауын­дағы «Қызыл Жұлдыз» орденінің қасына ілінген  I-III дәрежелі ордендері мен «Ленинградты қорғағаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», тағы басқа мерейтойлық медальдар дәлел.

Әкем 1946 жылы елге оралып, еңбек майданына араласты. Күлтай анамыз екеуі бізді, яғни үш қыз, бір ұлды өмірге әкеліп, бақты, қақты, оқытты. Бәріміздің жоғары білім алуымызға жол ашты. Әкемнің артында қалған жалғыз тұяғы болғаннан кейін бүгінде қарашаңырақта отырмын. Бақытыма қарай Оралдың қызы Сағира кездесті. Жоғары білімді Сағира қазір Б.Кейкиев атындағы орта мектептің директоры. Үлкеніміз Айнаш та мұғалім. Тұрмыста, үш ұлы бар. Үлкен ұлым Қуаныш – Тараз қаласында полиция қызметінде, шені – капитан. Оның үйіндегі Арайлым келініміз де – полиция қызметкері, полицияның аға лейтенанты. Кенже ұлымыз Әбілқайыр да аға-жеңгесінің жолына түскен – полиция лейтенанты.

Әкемнің майдангер екенін мақтан етемін. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген, мерейлі отбасының берік тұтқасы, әке деген ардақты атқа дақ түсірмеуге бала кезімнен ақ уәде бергенмін. Сол уәдені немерелері мен шөберелері де берік ұстанған.

Мұхамеджан Тағайбаев.

Ерназар ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.