Көктеу төлге толды

0

Көделі көктеуіне табан тірегеннен-ақ көк шөпке тойынған қошақандар қарайғанға қарай жарыса ұмтылып, кішкентай балалар секілді қуыспақ ойнап жүргендей көрінеді. Қайран балалық-ай дейсің сондайда.

Араға екі-үш ай салып сол қошақандарды көрсеңіз танымастай өзгеріп, қарайғанға ұмтылуды қойып, қайта үрке қашатынды шығарғанын аңғарасың. Тіпті, олардың бірін ұстап алмақ болып ұмтылсаң, шаңын қауып қаласың. Малды ауыл осындайымен қызық.

Бабаларымыз сол қызықты о бастан көрген. Бүгінде ұрпақтары ата дәстүрін сақтап, қораны қойға, төскейді төлге толтырып отыр.

Ата дәстүрді жалғаған мал­сақ жандар ауданымызда баршы­лық. Солардың бірі – белгілі шаруа­шылық иесі Мейіржан Қазанбасов.

Алғашында оның алдында 100 қой, 2 мүйізді ірі қара, 5 жылқы болған. Одан бері 15 жыл өтті. Мал басы көбейді ме деген сауалыма «Мейіржан» шаруа қожалығының төрағасы Мейіржан Алпысбайұлы:

– Бүгінгі таңға бағымымда 900 қой (оның 550-і саулық, қалғаны тоқты), 125 сиыр, 50 бас жылқы (оның 25-і бие) бар. Соңғы төрт жылдан бері осы Көделіден жайылым таптым. Оған дейін өріс Мойынқұм өңірінде еді. Малшылар осындағы үш базға қоныстанған. Алдына 500 саулықты салған Сәбит Мұхаметжанов бір базда отырса, 400 бас қойды өргізген Сұлтан Мамбеталиев келесі бір базда отыр, Манар Аширов мүйізді ірі қара мен жылқыны үшінші баздан шығарады.

Мал төлдету науқанын аяқтағанымызға 18 күн болды. Әрбір саулық соңынан бір-бір қозыдан ілестірді. Науқанда мал төлдетуге көмектескен 4 сақпаншымыз күзге дейін осында болады. Күзгі іріктеуден кейін тағы бір отар жасақтауды мақсат етіп отырмыз. Қойларымыз негізінен «Еділбай» тұқымдас. Сиырларымыз қазақтың ақ бас тұқымдас қатарына жатады, – деп жауап қатты.

Бұдан соң мал қораларын араладық. Бәрі жинақы әрі таза.

Көделіде отырған шопандар бағымындағы әрбір саулықтың бір-бір қозы ерткенін пайымдасақ, көктеудің төлге толғанын айтпай түсінуге болады. Бүгінде тастан-тасқа секірген қозы-лақ, құйрығын көтеріп алашапқын болып жүрген құлыншақтар, енесінің қасынан бір елі алыс кетпейтін боталар мен бұзаулар Көделіге көрік бергендей.

Дүйсенбек ОРМАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.