Омаровтармен мақтанамыз

0

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аталып өткен тұста майдангер, әріптес ағамыз Рахмет Омаров туралы қалам тербетпеу мүмкін еместей көрінген.

Омаровтар әулеті жайлы толғанған тастөбелік Амангелді аға Омаровтың әңгімесіне құлақ түрсек, Омаровтардың ерен еңбегі мен ерлігін паш етпеу бізге сын болар еді. Ағаның айтқанынан түйгеніміз, атамыз Рахмет Ниязбекұлы Омаров қан майданның бел ортасында жүрген жауынгер, бейбіт өмірде журналист ретінде танылған зиялы азамат болыпты. Тағы бір түсінгенім, Рахмет атаның туған інісі Шәкен Ниязбеков – егемен еліміздің көк аспанын­да желбіреп тұрған көк туымыз­дың авторы. Сондай-ақ Амангелді ағаның ұлы, Ауған соғы­сында мерт болған Нұрлан Омаровтың ерлігі – ел есінде. Шынды­ғында, қазақ елінің осындай адал перзенттері еліміздің мақтанышына айналды. Расымен де, отқа оранған ауған жерінде мерт болған батыр Нұрлан, еліміздің көк байрағын көкке көтерген Шәкен ағамыз, жеңісті жақындатқан Рахмет ата – Ұлы даланың асыл перзенттері.

1946 жылы елге оралған Рахмет Ниязбекұлына аудан басшылары «Қызылдиқан» колхозының тізгінін ұстатқан 1948-1950 жылдары Жамбыл аудандық партия комитетінде нұсқаушы, партия кабинетінің меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп ол ҚазМУ-нің журналистика факультетін сырттай оқып бітіреді әрі сол жылы Республикалық жоғары партия мектебін тәмамдайды.

Рахмет ағаның бұдан кейінгі еңбек жолы облыстық газет редакциясында жалғасын тауып, бөлім меңгерушілігінен редактордың орынбасарлығына дейін жоғарылайды. 1962-1965 жылдары облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, орынбасары қызметтерін мінсіз атқарады. 1966 жылдан зейнетке шыққан 1985 жылға дейін облыстық халықтық бақылау комитеті бастығының орынбасары, комитет төрағасы болады. Қызметтен қол үзбей жүріп, диссертация қорғаған ол 1971 жылы тарих ғылымдарының кандидаты атағын алады. Рахмет аға зейнетке шықса да, қол қусырып отыра алмады. Облыстық газ шаруашылығында 1992 жылы пәниден бақилыққа озғанға дейін еңбек еткен.

Еңбегімен елге танылған Рахмет аға жұбайы Рәсима Ғизатова екеуі төрт бала тәрбиелеп өсіріп, бәріне де жоғары білім беріп, жеке отау иесі болғанға дейін тәрбиеледі.

Қаруын қаламға алмастырып, ауылдастарының алғысын арқалап, халқының рахметіне бөленген Рахмет аға ел есінде мәңгі қалады.

Дүйсенбек Орманов

Leave A Reply

Your email address will not be published.