Мемлекеттік қызметшіге үлкен міндет жүктелген

0

Әлемдік қауымдастықта беделді орны бар Тәуелсіз Қазақстан ширек ғасырда мемлекет құрудың озық тәжірибесін қалыптастырды. Бұл үдерісте мемлекеттік қызметшілердің алар орны орасан. Мемлекеттік қызметші халық пен қоғам арасын жалғастырып отырған алтын көпір болса, халыққа, жалпы қоғамға сапалы қызмет көрсету – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Мемлекет басшысы бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілерге үлкен сенім артып, тың міндеттер жүктеп отыр. Бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның алғашқы 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталып, қазіргі уақытта қарқынды жүзеге асырылуда. Осы орайда мемлекеттік қызмет саласындағы қызметкерлерге заман талабына сай жұмыс жасау міндеттеліп отыр.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің өткен жылы жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек. Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс. Мен мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін. Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді» деп атап көрсеткен болатын. Бір қуантатыны, әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі және жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып құралады. Мансаптық сатының әр баспалдағында ол өзінің кәсіби жарамдылығын дәлелдеп отыруға тиіс болады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша мүмкін болады. Мемлекеттік қызметшінің мансаптық ілгерілеуінің басты шарты тек конкурстық негізде жүзеге асырылады.

Айта кететін тағы да бір жайт, мемлекеттік қызметшілердің жаңа Әдеп кодексі жасалды. Сондай-ақ, жаңа институт – әдеп жөніндегі уәкілдер институты құрылды. Олар азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге кеңес беріп, олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.

Қуаныш Тілешов,

Қарасу ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-іс жүргізушісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.