Жомарт жанның жәрдемі

0

Әлем жұртшылығын әлекке салып, әр отбасын әбігерге түсірген жұқпалы дерт біздің халыққа да тізесін батырды. Шектеулі ережелер, бекітілген карантиндік режим баршамызды бір шаңырақтың астына жинады. Бұл режимде күнелтіп жүргенімізге бір жарым айдың жүзі болды. Белгілі бір себепсіз тысқа, аса қажеттіліксіз үйден шығуға қатаң тыйым салынды.

Бір қуантары, күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мәлімдемесінде Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық сарапшылар еліміздің қабылдап жатқан сақтау шараларын оң бағалағанын айтты. Бұл мемлекетіміздің пандемияға қарсы күресте ұстанған тиімді іс-қимылдарының нәтижесі екені даусыз.

Десе-дағы жұмыр жерге жайылған жұқпалы ауру халқымыздың санасына мейірім түсіргендей. Төрт қабырғаға қамалса да, пейілі кең, кеудесіне үрей ұяласа да, жүрегі жомарт жандар жан-жағына қарайласып, игі істерге, ізгі амалдарға ден қойды. Ден қойғаны сол, кәсіпкерлер, қалталы, бақуатты азаматтар табысы төмен отбасыларға қолдау көрсетуде.

Сөзімізге Nur Otan партиясының «Біз біргеміз!» акциясы аясында облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Сағынтаевтың қайырымды амалы дәлел. Ол Жамбыл ауылдық округінде тіркелген тұрмысы төмен 30 отбасыға азық-түлік үлестірді.

Әлеуметтік көмекті табыс етуге ауыл әкімі Бақыт Садырбаев, Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудандық мәслихаттың депутаты Бегалы Ералиев, партия аудандық филиалының консультанты Төленді Көпберген өз үлестерін қосып, отбасыларға қуаныш сыйлады.

Қазақ «Қол сынса, жең ішінде, бас жарыл­са, бөрік ішінде» деген. Біз әрқашан біргеміз!

Ақжігіт Жетпісбай

Leave A Reply

Your email address will not be published.