Қорғанысымыз қуатты болсын!

0

Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев пен аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиевтің аудан тұрғындарын Отан қорғаушы және Жеңіс күні мерекесімен құттықтауы

Ардақты аудан тұрғындары!

Құрметті сарбаздар мен сардарлар!

Сіздерді ел тыныштығын қорғауда қырағылық танытып жүрген Отан қорғаушы және Ұлы Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл болды. Бұл – сол кездегі Кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділігін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл біздің халқымыздың, ардагер аталарымыз бен тыл еңбеккерлерінің биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын күллі әлемге танытқан қасіретті соғыс еді. Ұлы Жеңіс – аға ұрпақтың сол ұлы ерлігін мәңгілік ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Сондықтан да біз Ұлы Отан соғысының оқ бораған даласында қаза тапқандардың рухтарына және тылда ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ата-апаларымызға бас иіп, әрқашан тағзым етеміз. Қаншама боздақ ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын – байрақ, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен майдангерлерді ұлықтап, Жеңіс туын желбіреткен жандарды мақтан етуіміз керек.

Ал, ата-бабамыз аманат еткен ұлан-ғайыр даланы қырағы күзетіп тұрған халқымыздың қорғаны – ұлттық әскеріміздің сарбаздары үшін бұл күн ерекше аталып өтіледі. Отанды қорғау тек ерлердің ғана ісі емес, баршаның қасиетті борышы. Отан – оттан ыстық мекен, ұл-қызға ортақ қазына. Сондықтан да оны қорғау – ұлы абырой.

Қазақстан Қарулы күштерінің алдында бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, республика аумағының тұтастығын қорғау міндеті тұр. Антына адал, сертіне берік Отан қорғаушылардың мәртебесі мен мерейі қашанда асқақтай береді.

Қымбатты аудан жұртшылығы!

Ұлтын сүю – ұлылықтың белгісі. Кіндік қаны тамған туған жерді қастерлеу, қорғау – ұлы іс. Сіздерді осы қос мерекемен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, бақытты ғұмыр тілейміз. Тәуелсіздігіміз тұғырынан таймасын, ерлік даңқы өшпесін! Қорғанысымыз қуатты болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.