БІР УЫС ТОПЫРАҚ

0

Көктем. Сұлу көктем. Дала жайраң. Көңіл шат. Жылы жерді іздеген тырналар тыраулап лек-легімен Құмтиын ауылының төбесінен ұшып өтіп барады. Құстардан көз алмай көк аспанға телміре қарап тұрған Жақсылық ағаның ойына бала кезде айтатын:

Самолет, самолет,

Біздің үйге қона кет.

Әкешіме хат жазам,

Өзіңмен бірге ала кет, – деген өлең жолдары орала берген. Бұл – ұлдың әкеге деген мәңгілік сағынышы екен-ау.

Сол Жақсылықтың «Күләш, жауды жеңіп, аман-есен ораламыз. Алламен ақылдасқан ешкім жоқ қой. Құрсақтағы осы балам өзіңе аманат» деп санасына аманаттап кеткені есіне тағы түскен. Бұл туралы анасы ылғи да айтып отыратын. Оның үстіне бүгін түнде әкесі түсіне кіріпті. Тас мүсінге айналған ба қалай. Әкем мені қолын бұлғап өзіне шақыратын секілді.

Сырттай қарап тұрған адам Жақаңның көзінен бір тамшы жас үзіліп түскенін аңғарар еді. Мұңға батқан аға сол сәт жергілікті ақын Төлеген Байсүгіровтің:

Соғыс өрті тұтанып,

Ауыл қалды жұтанып.

Күйеуі өлген келіншек,

Ішіндегі сәбиін,

Отыр, әне, бұта қып, – деген жыр жолдарын іштей қайталай берген.

Адам жасы егде тартқан сайын сары уайымға салына береді екен.

– Жасым 60-тан асса да, әкем Сәлемнің майданда соғысқанын, қайда жерленгенін білмей өтемін бе? Егер, әкетайымның денесін қай жерде жатқанын білсем, кіндік қаны тамған Құмтиын ауылынан бір уыс топырақ алып барып салар едім, – деп көкірегі қарс айырылған Жақсылық аға үйіне жақындай бергенде алдынан жүгіре басып жұбайы Сәния жеңгей шыққан.

– Сүйінші! Саған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалынан шақыру қағазы келді, – деді әйелі күлімсіреп.

– Ол қандай шақыру қағазы? Не депті онда? – дегенде, жеңгей:

– Сәлем атаның жерленген жері анықталыпты. Сені сол жаққа өздерімен бірге ала кетпекші екен, – деп әлгі қағазды Жақсылық ағаның қолына ұстата берген.

Аға әбден жылауық болып қалған-ау. Жағымды жаңалыққа толы қағаз қолына тигеннен-ақ еңкілдей бастаған.

Бұл, әрине, қуаныштың көз жасы еді.

Аға сол күні-ақ облысқа барған. Білгені, жақын күндері «Нұр Отан» партиясы арнайы ұйым­дастырған «Жеңіс пойызымен» кілең қазақ елінің жігіттерінен құрылған 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадасының қанды шайқастағы жүріп өткен жолдарын араламақшы. Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасына орай Ржев қаласында орнатылған ұзындығы 30 метр құрайтын мемориал ескерткішінің ашылу салтанаты болады екен. Ол гранит тақтаға екі бригада құрамында соғысқан 10 мыңға жуық қазақстан­дықтың аты-жөні жазылыпты.

– Бара көрдік. Тізімді ұзақ қарап жүріп, 74-ші болып әкем Смайлов Сәлем тұр. Көзіме еріксіз жас үйірілді. Ұзақ тұрдым әкемнің аты-жөні айшықталған тұсты сипа­лап. Құмтиыннан апарған бір уыс топырақты сонда салып, сол жердің бір уыс топырағын алып, елге қайттым, – дейді Жақсылық аға.

– Біздің пойызға жолда Ресейден «Единая Россия» партиясы ұйымдастырған «Жеңіс пойызы» қосылған.

Бұл Ұлы Жеңістің 65 жылдығына көрсетілген құрмет болатын.

Кемедегінің жаны бір. Бір пойызда, бір купеде келе жатқаннан кейін қасындағылармен сырлас болды.

Қуанышы қойнына сыймаған Жақсылық ағаға қайдан жасырын сыр болсын. Өзін әкесі соғысқа аттанғанда ана құрсағында жатқан алты айлық шарана екенін, әкесі алты ағайынды екенін, бүгінде кәсібінен нәсіп көріп отырғанын, Серік, Берік есімді ұлдарды сүйгенін, немерелері де бар екенін, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысының Құрметті ардагері екенін де жасырып қалмаған.

Сол сапардан оралған күні-ақ облыстық, аудандық газеттердің тілшілері Жақсылық ағаның қасынан табылған. Сонда аға:

– Ұзақ жылдардан кейін әкемді тапқан өзімді бақытты жанға балаймын. Өйткені, жат жерде жан тапсырған әкеме туған жерінің бір уыс топырағы 65 жылдан кейін бұйырды, – деген ағаның көңілі тағы да босап сала берген.

Айтпақшы, оқ пен оттың ортасында жүріп ерлік көрсеткені үшін қатардағы жауынгер Сәлем Смайлов «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты.

«Ер есімі – ел есінде» дегеніміз осы шығар. Шын мәнісінде «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран». Сәлем ата секілді майдангерлер алып берген Ұлы Жеңіске биыл – 75 жыл.

Дүйсенбек ОРМАНОВ

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.