Ынтымақ – ырыс бастауы

0

Қымбатты жерлестер! Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен – ел бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
1 мамыр – халықтар достығы мен өзара түсіністігін нығайтып, бейбіт өмірді қадірлеп-қастерлейтін ерекше күн. Көк тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешкен барша қазақстандықтың Отанға деген сүйіспеншілігін көрсететін күн. Бұл – ынтымақ пен ырыстың, береке мен бірліктің мерекесі. Бұл – ерен еңбекті паш етіп, ұлы достықты ұлықтайтын сәулелі сәт. Оның қадір-қасиеті сонда, бейбіт елдің ырысы тасиды, бірлігі мығым елді жау алмайды.
Сонау соғыс жылдарында күштеп қоныс аударылған талай халық бақытын қазақ жерінен тапты. Бір қиырдан тағдыр тауқыметімен жер ауып келгендерді кең құшағына алған қазақ халқына өзге ұлттардың ризашылығы шексіз. Бүгінде барлық ұлттың баласы бір мақсат төңірегінде топтасып, игі істердің бастамашысы болып отыр. Қазақ елін мекендеген әрбір ұлттың өкілі татулық пен тұрақтылықты ту етіп, Отанға деген құрметін адал еңбегі арқылы көрсетіп келеді. Қаншама ұлттың басын қосқан қазақтың ұлы шаңырағында тыныштық орнаған. Бәрінің басты байлығы сол – қоғамдық келісім, ұлтаралық татулық, ынтымақ пен бірлік.
Біз береке-бірліктің арқасында дамудың даңғыл жолына түстік. Елімізде азаматтық татулық пен этносаралық келісімді сақтау ұлттық игілігімізге айналды. Ұлттар мен ұлыстар бір-бірінің салт-дәстүріне, мәдени құндылықтарына құрметпен қарайды. Көзқарастары мен болмыстарын қадірлейді. Осының өзі елімізде саяси тұрақтылықтың қалыптасуына оң ықпалын тигізуде. Аудан халқы да барша қазақстандықтар сияқты ортақ міндеттерді орындау, ортақ мақсаттарға қол жеткізу жолында ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп, еселі еңбекке ден қойған. Қазіргідей төтенше жағдайлар кезеңінде де аудан халқы бір-бірімен септесіп ғұмыр кешуде.
Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерге шынайы көңілмен амандық пен саулық, бақыт пен шаттық, отбасында береке, еңбекте табыс тілеймін. Сан халықтың құт мекені – Қазақстан өркендей берсін! Егемен еліміздің абыройы асып, мерейі өссін! «Мәңгілік Ел» мұратына жетейік!

Leave A Reply

Your email address will not be published.