Тәртіпке бас игеніміз ауызбіршілігімізді көрсетсе керек

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі мәлімдемесінде еліміздегі төтенше жағдай режимінің мамыр айының 11-не дейін жалғасатыны айтылды. Бұл Қазақстан халқының, әрбір азаматтың амандығы үшін жасалған қадам деп есептеймін. Олай болмаған жағдайда жанған отқа май құйғандай өршіп кету қаупі бар екенін жеткізді.
Әрине, күнделікті күйбең тіршілікке төселген тұрғындарға үйде отыру оңай емес екені анық. Табыс көзінен айырылған азаматтардың жағдайын да жақсы түсінеміз. Дегенмен мемлекет бұл мәселелерде дер кезінде тиісті шешімдерді қабылдап жатыр. Әрбір азаматқа көмек көрсетіліп, тиісті жәрдемақылар тағайындалуда. Төтенше жағдай режимі енгізілгелі 500 мыңнан аса ел тұрғыны азық түлікпен қамтылған болса, енді осындай жәрдемді миллионнан аса адамға жасау көзделуде. Төрт жарым миллионға жуық азаматқа қаржылай көмек көрсетілді. Енді 1,6 млн ел азаматқа коммуналдық төлемдер төленбек.
Мемлекет басшысы ел экономикасының негізгі тірегі шағын және орта бизнеске де тиімді шаралар қабылданып жатқанын айтты. Ауыл шаруашылығына да қажетті қадамдар жасалуда. Қалай болғанда да осындай пандемия кезеңінде қоғамның әр саласына тиісті шектеулер енгізілді. Және қажетті көмек көрсету шаралары дер кезінде қабылданып отыр.
Төтенше жағдай режимінің жалғасуына байланысты мамыр айында маңызды мерекелер үй жағдайында атап өтуге тура келетіні айтылды. Дегенмен Жеңіс күнінде ардагерлерімідің бірде бірі ескерусіз қалмақ емес. Лайықты құрмет көрсетілмек.
Сондай-ақ, президент бұл ауруды анықтау мақсатында елімізде тестілеу жүйесін жетілдіруді тапсырды. Күніне 20-25 мыңға дейін жеткізу керектігін айтты.
Осындай қиын-қыстау кезеңде тәртіпке бас игеніміз ауызбіршілігімізді көрсетсе керек. Бұл да өтер. Күнделікті күйбең күнге түсер сәтке де жетерміз. Бірақ қоғамдық сана өзгеретіні анық. Амандық болсын!

Ерболат Саурықов,
ТИГУ ректоры, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.