Бірлікпен біз бұл дертті бірге жеңеміз

0

Бүгін, 27-сәуір күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті мәлімдемесін жасады. Бұл мәлімдеме бүгінгі хәл-ахуалымызға, карантин кезінде атқарылып жатқан жұмыстарға арналды.

16-наурыздан бастап еліміз төтенше жағдай режиміне көшкені белгілі. Сол уақыттан бері біраз қызмет түрлері қашықтықтан қызмет көрсетуге көшті. Оның ішінде білім беру саласы да бар. Орта және жоғары білім беру орындары қашықтықтан оқытуға көшіп, қарқынды жұмысты жалғастырып келеді. Әрине, төтенше жағдай режимінен зардап шеккендер де бар. Мемлекет осы қиын-қыстау кезеңде ел азаматтарын қолдаусыз қалдырмады. Қазіргі таңға дейін 4 млн 250 мың адамға қаржылай көмек көрсетілген екен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Біргеміз» қоры құрылып, мұқтаждарға көмек көрсетіліп келеді.

Президент өз мәлімдемесінде шағын және орта бизнес өкілдеріне, ірі компанияларға жасалған жеңілдіктер жайын да атап өтті.Жұқпалы ауру — COVID-19 пандемиясымен біздің еліміз, әлемдегі озық елдердің тәжірибесіне сүйеніп күресіп келеді. Оқшаулау шаралары өз нәтижесін беріп отыр. Дегенмен, толықтай еңсердік дей алмаймыз. Сондықтан, елдегі карантин 11-мамырға дейін ұзартылып отыр. Осы жағдайда қауіпсіздік шараларын қатаң қадағалау аса маңызды.

Сондай-ақ, мәлімдемеде карантин талаптары біршама жеңілдетілетіні жайлы айтылды. Дегенмен, дизенфекциялық шаралар, адамдардың ара қашықтықты сақтауы өз өзектілігін жоймайды. Ал білім беру саласы қашықтықтан оқытуды жалғастырады. Студенттеріміз бұл оқу жүйесіне бейімделіп қалды, жаңа технологиялардың мүмкіндігін көріп, бұл жүйенің тиімді тұстарын да байқады. Карантин жағдайына сәйкес жақында басталатын аралық және қорытынды емтихандардың форматыда өзгерді.

Еліміздегі қиындықпен күресу бәріміздің ортақ міндетіміз. Жауапкершілік, сабырлылық, аса үлкен сақтық танытсақ бұл қиындықтан шығар жолды бірге табамыз. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» демекші бірлікпен біз бұл дертті бірге жеңеміз.

Махметғали Сарыбеков,

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.