Әлі де арқаны кеңге салуға болмайды

0

Бүгінде коронавирус ауруы жер жаһанды қатты алаңдатып отыр. Алты құрлыққа ауыз салған кесел күн санап өршімесе беті қайтатын түрі жоқ. Күн санап вирусты жұқтырғандардың саны артып, тәулік сайын мыңдаған адам ажал құшуда. Өкініштісі, еліміздегі жағдай да көңіл көншітерлік емес. Пандемияға байланысты Мемлекет басшысы осыған дейін бірнеше рет Қазақстан халқына Үндеу жасап, аты жаман аурумен күресте елдің дүрлікпеуін жеткізіп, одан шығу жолдарын атап өткен болатын. Сол секілді бүгінде ел халқына арналған мәлімдемесін жариялап, көптің көңілін күпті еткен сауалдарға жауап берді. Бұл мәлімдемесінде Президент қиын сәтте ешбір сала қолдаусыз қалмайтынын баса айтып, қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат назарда болатынын, ешкімді қиындықта қалдырмайтынын жеткізді. Әлбетте, халыққа бұдан артық қандай қолдау, қорғау қажет?!

Осы орайда, еліміздегі 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілсе, 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылғанын айта кеткен жөн. Мұндай игілікті істерді халықтың арасында жүріп, өз көзімізбен көріп, біліп жүрміз.
Сол сияқты, Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз»қоғамдық қорынан да мұқтаж жандарға айтарлықтай көмек көрсетілуде. Біздің Жамбыл облысында да көмекке мұқтаж адамдарға бұрын соңды болмаған көмек-қамқоршылық көрсетілуде. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл шаралардың алдағы уақытта да жалғаса беретінін атап өтті. Сонымен қатар мәлімдемеден азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлініп отырғанын білдік. Демек, бұл – қомақты қаражат елдегі сан саланың тұраламауына, есесіне бұрынғыдай жұмыс жасай беруіне негіз болмақ.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдағанын мәлім етті. Өте дұрыс шешім!
Бірақ, бұл – бірден арқаны кеңге салу дегенді білдірмейді. Себебі, бірінші кезекте өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кіріспек. Оның өзінде барлық санитарлық нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізіп тұру қажет. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, барлық жерде сақтық шараларын естен шығармағанымыз абзал! Құдай қаласа, бұл кеселді де жеңіп шығамыз. Президентіміздің Үндеуі еліміздің ертеңіне, әрқайссымызға үлкен сенім ұялатты, РАХМЕТ! Аман болайық!

Қасымхан Төлендиев,

«ЖАҢАРУ» жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыс» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының басшысы, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.