Несие алып, жылқы өсірген…

0

Экономиканың табысты болуы шағын және орта бизнестің дамуымен тығыз байланысты. Ал мемлекет бұл бағыттағы жұмысқа қарқын беріп, барлық жағдайды жасап отыр. Сондықтан Байзақ ауданында жеке кәсібін ашып, жұмысын дөңгелетіп отырғандар қатары көбейіп келеді. Солардың қатарында Ақтөбе ауылының тұрғыны Ақерке Аденова да бар.
Ақерке жастайынан төрт түлік малды өсіріп, бабын жасауды біледі. Өйткені әкесі мал бағудың шебері болғандықтан бойжеткен өз кәсібін ашуға бел буады. Яғни алдына жылқы малын көбейтуді мақсат етіп қояды. 2019 жылдың шілде айында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына жүгініп, құжаттарын тапсырады. Арнайы курстан өтіп, іскерліктің әліппесін оқып, сертификат алады. Бизнес жоспарын сәтті қорғаған соң, тексеру комиссиясының мақұлдауымен қазан айында «Игілік» бағдарламасы бойынша төмен пайызбен 3 миллион 200 мың теңге көлемінде несие алып, оған «Алмас» шаруа қожалығынан 8 аналық бас жылқы сатып алуға қол жеткізеді. Бүгінгі таңда мал басын көбейтіп, асылдандыру бағытында жұмыс жасауда.
Жас кәсіпкер басын көбейтіп, шаруашылығын дамытуға барынша жағдай жасалған. Кәсібін бастамас бұрын үй маңына ыңғайлы қора-жай салыпты. Отбасылық бизнес болғандықтан Ақеркеге әкесі мен жолдасы көмектесуде. Кәсібін енді бастап отырған Ақерке Батырхалиқызының алдағы жоспары да ауқымды.
— Мал өсіру қазақ халқына бұрыннан белгілі ата кәсіп. Сол үшін де бұл кәсіп түрімен кез келген адам айналысып, табыс таба алады.Шағын және орта бизнестің гүлденуі еліміздегі орташа әлеуметтік санат үшін қолжетімді кәсіп көзі мен табысты жұмыс орны ретінде маңызға ие болып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекет өз ісін ашуға ынта білдіргендерді қолдап, іскерлік әліппесін үйрету мен қаржылай қолдаудан бөлек кәсіп түрлерінің дамуына қолайлы орта туғызып отыр. Бұл біз секілді жас кәсіпкерлердің ісінің өркен жаюуына жол ашатындығы сөзсіз.
Алдағы уақытта инновациялық жобаларға арналған гранттарға қатысып бағымды сынасам деймін. Жалпы кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп отырған мемлекеттік бағдарламалар бүгінде ауылдық жерде тұратын, кәсібін ашуға ынталы адамдар үшін таптырмайтын мүмкіндік. дейді жас кәсіпкер.
Ақерке жылқы малынан бөлек, үй құстарын өсіруде. Оларды бағып, көбейтумен қатар, болашақта бие сауып, тіл үйірер қымыз өндіріп, тұтынушыларға ұсынуды көздеуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.