Жомарт жанның жәрдемі

0

Әлем жұртшылығын әлекке салып, әр отбасын әбірге түсірген жұқпалы дерт біздің халыққа да тізесін батырды. Шектеулі ережелер, бекітілген карантиндік режим баршамызды бір шаңырақтың астына жинады. Бұл режимде күнелтіп жүргенімізге бір жарым айдың жүзі болды. Белгілі бір себепсіз тысқа, аса қажеттіліксіз үйден шығуға қатаң тиым салынды. Бір қуантары, күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Мәлімдемесінде, Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық сарапшылар еліміздің қабылдап жатқан сақтау шараларын оң бағалағанын айтты. Бұл мемлекетіміздің пандемияға қарсы күресте ұстанған тиімді іс-қимылдарының нәтижесі екені даусыз.
Десе-дағы жұмыр жерге жайылған жұқпалы ауру халқымыздың санасына мейірім түсіргендей. Төрт қабырға ға қамалса да пейілі кең, кеудесіне үрей ұяласа да жүрегі жомарт жандар жан-жағына қарайласып, игі істерге, ізгі амалдарға ден қойды. Ден қойғаны сол, кәсіпкерлер, қалталы, бақуатты азаматтар тұрмыстық табысы төмен отбасыларға қолдау көрсетуде.
Сөзімізге Nur Otan партиясының «Біз біргеміз» акциясы аясында, облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Сағынтаевтің қайырымды амалы дәлел. Ол Жамбыл ауылдық округінде тіркелген тұрмысы төмен 30 отбасыға азық-түлік үлестіріп, Қасиетті Рамазан айында сауапты іс жасады.
Әлеуметтік көмекті табыс етуге ауыл әкімі Бақыт Садырбаев, Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудандық мәслихаттың депутаты Бегалы Ералиев, партия консультанты Төленді Көпберген өз үлестерін қосып, отбасыларға қуаныш сыйлады.
Қазақ «қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деген халық. Біз әрқашан біргеміз!

Ақжігіт Жетпісбай,

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.