Сарысулық азаматтар туған жерлеріне жақсылық жасап жарысуда

0

«Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында Президент бастамасымен қолға алынған, Елбасының тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы мен Тұңғыш Президент Қоры коронавирус кезеңінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсету үшін арнайы қор құрылған болатын.

Белсенді нұротандықтар мен қатар Сарысу ауданынан шыққан жүрегі кең азаматтардан құрылған еріктілер де қайырымдылық шарасына үлес қосуда. Олар ауданымыздың барлық аумағында қауіпсіздік шараларын ұстана отырып, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қажетті азық-түлік салынған пакеттерді тегін таратып беруде. Демалыс күндеріне қарамастан сауапты іс жасаған еріктілердің қайырымдылық істері көпке үлгі.

Бүгінгідей бүкіл әлемді жайлаған қауіпті індетке қарсы күресті баршамыз бірігіп қана жеңе аламыз. Сарысулықтардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, коронавирустың таралмауына күш салуы үлкен ынтамақ пен бірлікті білдіреді.

«Алтау ала болса ауыздағы кетер, төртеу түгел болса төбедегі келер» дегенді атам қазақ ұрпағына бекер айтпаса керек-ті.

Мемлекет не береді деп емес, өзіміз нендей үлес қоса аламыз мынандай қиын-қыстау кезде Елге?!-деген ұранмен ұмтылған азаматтар өздерінің туған жерлеріне қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да қол ұштарын созуда. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қайырымды іске қол созу азаматтық парызымыз деп білетін жанашыр ағайынның барына аудан жұрты разы болуда.

Көмекке мұқтаж жандардың көзіндегі қуанышты көру – еңбектің жемісі деп білетін көпке қол ұшын созған азаматтардың қатарында Бегеев Сағынбек, Жылқыбаев Досбол, Әлкеев Байман, Тоғызақбаев Жеңіс, Рыспанов Ғани, Хансейтов Мейіржан, Төлепбеков Мұрат, Шайымқұлов Фархат сынды азаматтар бар. Сондай-ақ, игі шараға «Қаратау» ТКӨК, «Алтын Орда» ЖШС, «Жаңатас жел электр станциясы» ЖШС, «Ауданның іскер әйелдері» ұйымы да өзіндік үлес қосты.

Қайырымдылық акциясы аясында барлығы 7 млн. 684 мың теңгеге 535 отбасына жәрдем көрсетілді. Сонымен қатар, еріктілер тарапынан ауылдарда 21 тігін орны ұйымдастырылып, бүгінде 13800 бетперде таратылды. 4500-ге жуық бетперде аудандық жедел штабтың қорында тұр.

Пандемияның қысып, үйде қалған жерлестері сарысудан шыққан жомарт жандардың туған жерге деген ыстық ықыластарына дән риза.

Leave A Reply

Your email address will not be published.