35 отбасына көмек көрсетті

0

Жұқпалы індеттің жаманат хабары шыққалы ел ішіне алаң кіргені рас. Әр өңірде карантин жарияланып, блок бекеттер тәулік бойы жұмыс істеуде. Ал, тұрғындарды қажетті азық-түлікпен қамту мәселесі жүйелі жолға қойылғанымен, қарапайым халыққа төтенше жағдайдың жариялануы әжептәуір салмақ салып отырғаны мәлім. Қалай десек те, бұл індетті ел боп бірігіп, ынтымақпен жеңеміз деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ешкімді көмексіз қалдырмайтынын алға тартты.

Қазір ауыл-аймақ болып жұрт белгіленген ережелерге бағынып үйде отыр. Осындай қиын уақытта Қаракемер ауылдық округінің әкімі Жәнібек Әуелбаевтың мұрындық болуымен тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында КВИ-19 пандемиясына қарсы «Біз біргеміз!» атты іс-шара ұйымдастырылды. Шараға белсене қатысқан Қаракемер мешітінің имамы Әлдибай қажы Шалхаров пен оның ұлы Талғат Шалхаров жылқы сойып, етін 35 отбасыға таратты. Игі істің басында болған ауыл әкімі: – Ауылдың қалталы азаматтары ұйымдасып, бірнешеуі ақша аударып, біразы көпшілікті азық-түлікпен қамтамасыз етуді жалғастыруда. Бүгін, міне, жомарт жандар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға тағы да көмек көрсетіп отыр, – деп ойымен бөліссе, сөз жалғаған ауыл имамы: «Ауылға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі. Бұл дәстүр қазақ тіршілігінде түрліше іске асып отырған. Қайырымдылық – адамгершілік белгісі», – деп Аллаһ тағаланың разылығын тілеген.

Иә, қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кеңпейілділік. Ол адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жанға тән сипат.

Қысылтаяң шақта мейірімділік танытып, қол ұшын созған ауылдастарына, ауыл әкіміне көптің тілеуі осындай болса керек.

Мақсат Жұмабаев,

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.