Талаптар орындалуы қажет

0

Әлемді дүр сілкіндірген індеттің алдын алу мақсатында елімізде қатаң шаралар қолға алынды. Республикамыздың бірнеше облысында карантин жарияланып, халықтың бей-берекет жүріп-тұруына тыйым салынды. Жамбыл облысы да сол карантин жарияланған аймақтардың қатарында.

Облыс орталығы Тараз қаласына іргелес жатқан Жамбыл ауданы төтенше жағдай талаптарын қатаң сақтауы қажет. Өйткені қала мен аудандағы барыс-келіс, алыс-беріс бір сәтке де тоқтаған емес. Ал, аты жаман індет осы барыс-келіс, алыс-берістің салдарынан дендеп барады.

Жуырда арнайы құрылған мобильдік топ мүшелері Полатқосшы ауылдық округінде қойылған блокпосттың тыныс-тіршілігімен танысты. Қазіргі таңда бекеттегі тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері күшейтілген режимге көшті. Коронавирус індетіне қарсы мамандар әрбір көлікті тоқтатып, арнайы құрылғымен азаматтардың дене қызуын өлшеп, тексерістен өткізіп жатыр.

Бұл бекеттерде полициялар мен дәрігерлер, жедел жәрдем, төтенше жағдай қызметкерлері тәулік бойы қызмет етеді. Сақтық шаралары ең алдымен аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.

Түс ауа топ мүшелері Жалпақтөбе ауылындағы бірқатар нысандарға бас сұқты. Олар әуелі округтегі кәсіпкерлік нысандардың, ауылдық пошта байланыс бөлімшесінің санитарлық-гигиеналық жағдайына назар аударды. Сондай-ақ, пошта бөлімшесінде кезекте тұрған тұрғындарға карантин талаптарын қатаң сақтау керектігін ескертті. Ауылдағы азық-түлік дүкендерінің иелерімен тілдесіп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу керектігін сөз етті.

Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ,

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.