Індет таралып кетпесін десек…

0

Әлемді жайлаған коронавирус індеті елімізді, оның ішінде ауданы­­мызды да айналып өтпегені мәлім.

Соңғы дерек бойынша, яғни, 14 сәуір күнгі мәліметке сүйенсек, облыс бойынша 53 коронавирус оқиғасы тіркелген.

Бұл кез келгенімізді жауапкер­шілікке, мұқияттылыққа шақы­рады. Кеселмен күресте аудандық денсаулық сақтау мекемесіне, аудандық полиция бөліміне, аудандық «Ұлттық сараптама орталығына», ауыл әкім­деріне үлкен міндет жүктелген.

Бүгінде аталмыш мекеме қызметкерлері тірліктерін тиянақтап жатыр.

Біз кеше аудан орталығындағы адамдар көп жиналатын азық-түлік дүкендерінің алдын, аялдамаларды, көшелерді залалсыздандыру жұмысын жүргізген аудандық «Ұлттық сараптама орталығының» қимыл-қарекетіне куә болғанбыз.

Сол тұста біз орталық бастығы Талғат Бөлекбаевты сөзге тартқанымызда, ол:

– Кеселдің алдын алу мақсатында атқарып жатқан іс-шаралар аз емес. Халыққа мәселенің мәнісін түсіндірумен қатар, мекемелер мен халық көп жиналатын орындарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл ретте жұмысты уақытында атқару аудан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.

Бұл іске екі дезинструктор, екі дезинфектор және екі арнайы көлік тартылып, ауылдарға кезең-кезеңімен шығудамыз. Бүгін тағы да Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетовтің ұйымдастыруымен осындағы көшелерге, аялдамаларға залалсыздандыру жұмыстарын жүргіздік. Әрине, мамандары­мыздың еңбегін ескерген жөн болар. Бұл тұрғыда Гүлдана Жапарова, Жанатбек Нұрдәулет, Нұрсұлтан Өмерқұлов, Лесбек Кунешов, Валерий Агажанов және Бақыт Өмерқұловтың есімдерін ерекше атап өтер едім, – деген Талғат Балтабайұлы сөзін қайта жалғап: – Індетпен күрес міндет екенін түсінуіміз қажет. Сол үшін де карантиндік тәртіпті сақтайық, – деді.

Басшының сөзіне біз де қосылғанбыз.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.