Жедел штаб жұмысымен танысты

0

Бейсенбіде Жамбыл облысына іссапармен келген коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық жұмыс тобының мүшесі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бас инспекторы Серік Қожаниязов облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевпен бірге Жамбыл ауданында болып қайтты. Олар жуырда ауданда төтенше жағдай режиміне, өңірде енгізілген карантинге байланысты құрылған жедел штабтың жұмысымен танысты.

Аудан әкімі, аудандық жедел штабтың төрағасы Сәкен Арубаев жұмыс барысы туралы хабардар етті.

– Елдегі төтенше жағдайға байланысты ауданда жедел штаб құрдық. Жедел штаб жеті топтан тұрады. Жеті бағыт бойынша жұмыс жасап жатыр. Олар блок посттардың, аудандағы штабтың жұмысын үйлестіреді, медициналық, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті және азық-түлік қауіпсіздігін, жеке тұлғалардың, көліктің және тауарлардың қозғалысын қадағалайды, әлеуметтік қорғау және еңбек қатынастарын реттейді, ауданның өмірін қамтамасыз етеді, тұрғындарды ақпараттандырады және БАҚ-пен өзара іс-қимыл ұйымдастырады. Штаб күнделікті сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Аудан тұрғындары штаб орталығына хабарласып, кезекшілікте отырған топ мүшелерінен өздеріне қажетті ақпараттарды алып отыр, – деді өңір басшысы.

Өз кезегінде Серік Салауатұлы аудандық штабтың жұмысын оң бағалады.

Мұнан соң мемлекеттік бас инспектор аудандық «Казпошта» байланыс торабына, «Halyk Bank» аудандық бөлімшесіне бас сұқты. Жауапты тұлғалардан атқарылып жатқан жұмыстар жайында сұрады. Бұл екі мекемеде де аудан тұрғындарына қажетті қызметтің барлық түрі көрсетіліп жатқанын естіп білді. Қазір басты міндет халық қажетін өтеу екенін алға тартты.

– Бүгінде елдің бәрі поштаға, банкке көптеп барып жүр. Өздеріне жеке есепшот аштырып жатыр. Халықтың қажетін өтеу қажет. Бұл – сіздер үшін басты міндет. Мекеме қызметкерлері тұрғындарға уақтылы әрі сапалы қызмет көрсетуі тиіс. Халық көп шоғырланатын орын болғандықтан, тазалық, сақтық шараларына мән беріңіздер, – деді ол өз сөзінде.

Ильяс Қалыбеков, 

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.