Сын сағатта бірлігіміз бекем болсын

0

«Бірлік түбі – береке» дейді қазақ. Рас, бірлік болмай, тірлік болмайды. Бірлік болмаған соң, береке қайдан болсын. Бірлігі кеткен, берекесі қашқан елдер қаншама. Теледидардан көріп те, естіп те жүрміз. Ал, біз ондай ел емеспіз. Біз бұл күнге дейінгі жетістіктерімізге бірліктің арқасында жеттік. Біздің ата-бабаларымыз текті болған. Бірлікті, ел ынтымағын бәрінен жоғары қойған. Соның арқасында кең байтақ жерімізді жаудан қорғап, ұлы даламызды сақтап қалды. Қиын-қыстау замандарды бастан өткерсе де, төзімділік танытып, барлық қиыншылықты бірге еңсерді.

Қазір Қытай елінен шыққан қауіпті індет әлемді жайлады. Біздің елді де айналып өтпеді. Елдегі жағдайдың ушығып тұрғаны да жасырын емес. Ел азаматтарында үрей басым. Дейтұрғанмен, бұл қазақтың көрген алғашқы қиыншылығы емес. Талай нәубетті көрдік қой. Енді келіп, уақытша қиыншылыққа байбалам салып жатырмыз. Бұлай болмайды. Бұл – елдігімізге сын. Сабыр сақтауымыз керек. Дүрлікпейік, даңғаза жасамайық. Билік басындағылар елдегі жағдайды қатаң бақылауға алып, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Оларға да түсіністікпен қарайық. Ел басқару оңай іс емес. Қайта оларға қолдан келіп жатса, қолдау білдірейік. Мұқтаж жандарға көмектесейік. Ел болып бірлігімізді көрсетейік. Барымызды бағалайық. Барымыз да, нарымыз да – өзіміз, яғни қазақ халқы. Жұдырықтай жұмылсақ, бізді жау да, аты өшкір індет те алмайды.

Жуырда бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласы жарияланыпты. Көзім шалған соң, оқыдым. Мазмұны терең мақала екенін оқып отырып түсіндім. Бір сәт ойландым. Ойға шомдым. Елбасының халықты бірлікке шақырып, бүгінгі жас ұрпаққа аталы сөз айтуын құп көрдім. Ішімнен дұрыс жасаған екен дедім.

Елбасы – ел жанашыры. Мемлекетіміздің негізін қалаған да сол кісі. Ол айтпағанда, кім айтады?! Ол айтса, жайдан-жай айтпайды. Халқына жаны ашығаннан, қамын жегеннен, елін сүйгендіктен айтады.

«Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» демекші, сын сағатта бірлігіміз бекем болуы қажет. Ел игілігі үшін күні-түні жұмыс істеп жатқан медицина, полиция құрылымдарының қызметкерлеріне, әскерилерге қолдау білдіргеніміз жөн. Бүгінгі күннің батырларының халқы алдындағы еңбегі ерен.

Бүркіт Жаманбаев,

Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.