Пошташылардың да еңбегі ерен

0

Бүкіл әлемді дүрбелеңге салған індеттің елімізде де белең алып тұрғаны белгілі. Жыл басында Қытай Халық Республикасының Ухань қаласында пайда болған дерт жаһан жұртын әбігерге салады деп ешкім ойламады. Ауру аз ғана уақыттың ішінде алпауыт мемлекеттердің өзін есеңгіретіп тастады. Бүгінде АҚШ, Испания, Франция, Германия, Англия және көрші Ресей Федерациясы сынды алып мемлекеттерде кеселге шалдыққан азаматтардың қатары күн санап артуда. Осы уақытқа дейін қаншама адам ажал құшты. Әрине, арты жақсы болсын.

Елімізде де бұл кесел дендеп барады. Небәрі бір айда ауруға шалдыққандардың саны мыңнан асып жығылды. Бірнеше адам көз жұмды. Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде қабылдаған шараларының нәтижесінде бұл індеттің өршуіне жол берілмеді. Нұр-Сұлтан, Алматы және бірқатар облыс карантинге жабылды. Әрине, бұл да өз нәтижесін беруде.

Қазір ел халқының басым көпшілігі карантин режимін сақтап үйлерінде отыр. Көп жерлерде жұмыстар мен сабақтар қашықтық талаптарына сай жүргізілуде. Ал тұрмысы төмен, жұмысынан уақытша шектетілген және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға, студенттерге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілуде.

Азаматтардың сол қаржыға қол жеткізуіне көмек көрсетіп жүрген пошта қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Айлық жалақылары мардымсыз мамандық иелеріне бүгінде артылған жүк ауыр. Әрбір азаматқа есепшот ашып, қаржыны тиісті азаматтардың алуына бар мүмкіндіктерін жұмсап отыр.

Қазақта арты қайырлы болсын деген сөз бар. Бұл күндер де өтер. Баяғы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай күнімізге де қайта оралармыз.

Қарлығаш Күзекова.

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.