Р. Дәулет Қордайдағы инфекцияның алдын алу жұмыстары туралы баяндады

0

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Осы орайда бейсенбі күні Қордай ауданының әкімдігінің баспасөз орталығында Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет, аудандық полиция бөлімінің басшысы Мақсат Ережепов және ауданның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Марат Асаров бірлесе баспасөз конференциясын өткізді.
Шара барысында аудан басшысы Рүстем Дәулет коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндап, бірқатар маңызды мәселелерге тоқтай келе, тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді. Алдымен Қордай ауданы аумағындағы ахуалды тарқатқан Рүстем Рысбайұлы облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы негізінде Қордай ауданында қолға алынған сақтық шараларын тілге тиек етті. Атап айтсақ, ауданда карантин режимі жариялануына байланысты барлығы тоғыз блок-бекет орнатылып, аталмыш нысандар тиісті құрал-жабдықтарымен толықтай қамтылған. Онда жүзден астам тәртіп сақшысы, 16 дәрігер, 9 санитарлық қызмет мамандары және аудан әкімдігінің қызметкерлері жұмылдырылған. Осылармен қатар Әлжан ана ауылы аумағында Қордай аудандық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен карантин енгізілді. Аудан басшысы осылармен бірге шекаралық аймақтардағы қауіпсіздік шаралары мен залалсыздандыру жұмыстары бойынша да атқарылып жатқан істерді жіпке тізіп, жұмылдырылған техника мен қызмет түрлеріне кеңінен тоқталды.
Жалпы, брифинг барысында аудан бойынша мобильді топтар құрылып, құрамына эпидемиолог, инфекционист, жалпы практика дәрігерлері кіргені де сөз болды. Коронавирустық инфекцияға күдікті науқас анықталған жағдайда медицина қызметкерлерінің іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, кезекшілер арасында түсіндіру нұсқаулықтары жүргізілген.
Аудан әкімі өз сөзінде тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру мәселесіне де тоқталды. Мәселен, Қордай ауданы бойынша 42500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алуға 32828 азамат өтініш білдіріп, бүгінгі таңда оның 30055-і қанағаттандырылған. Одан бөлек, есеп-шоттары жоқ 6392 азаматқа шот ашуға көмек көрсетілген. Көмек демекші, аудандағы жомарт жандардың демеушілігімен аз қамтылған 1259 отбасына және бюджеттен 7613 отбасына азық-түлік себеттері беріліпті.
Ал, карантин кезінде жұмысы қыза түскен құқық қорғау қызметкерлерінің бүгіні турасында брифингке қатысқан аудандық полиция бөлімінің басшысы Мақсат Ережепов баян етіп, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476 бабы бойынша 23 тәртіп бұзушылықтың анықталғанын алға тартты. Оның 12-і сотта қаралып жауапқа тартылса, 3 азамат қамауға алынып, айыппұл салынған, сондай-ақ 8 дерек бойынша құжаттар сотқа жіберіліпті. Тәртіп сақшысы тұрғындарды маңызды себепсіз сыртқа шықпауға, карантин режимін бұзбауға шақырды. Ал, брифингке қатысқан ауданның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Марат Асаров жалпы аудандағы санитарлық жұмыстар жайында түсініктеме берді.
Тікелей эфир барысында тұрғындар үлкен белсенділік танытқанын айта кеткен жөн. Түскен сұрақтар қатарында баға мәселесі, бетперделер сатып алу, әлеуметтік көмек алу бойынша сауалдар басым болып, барлығына лайықты жауаптар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.