Рүстем Дәулет құрылыс жұмыстарының қарқынын байқап қайтты

0

Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулеттің округтерге жұмыс сапары жалғасуда. Негізінен ауылдардағы құрылыс нысандарының жайын көрген аудан әкімі әуелі Алға ауылдық округіне қарасты Көгадыр ауылына ат басын тіреді.
Бүгінде Алға мен Көгадырды жалғастыратын жолдың жөндеу жұмыстары басталып, құрылыс жұмыстарын «АрсикоСтройИнвест» ЖШС қолға алған. Мердігермен кездескен Рүстем Рысбайұлы жұмысты уақытылы аяқтау үшін бар күшті салып, сапа жайын да бақылауда ұстау керектігін баса айтты. Осыдан кейін аудан әкімі Мұзбел ауылына барып, ондағы жол жөндеу жұмыстарының барысы жайында аудан басшысының орынбасары Ерлан Орынбаев түсініктеме берді.
— Техника жеткілікті, құрылысшылар жұмысына еш кедергі жоқ. Қандайда бір проблемалар туындаған жағдайда дереу бізге хабарлау керек. Барлығына көмек, қолдау болады, – деді Р.Дәулет.
Келесі кезекте аудан әкімі Кенен ауылдық округіне барып, алдымен ауыл маңында орналасқан блок-бекеттің жұмысымен танысты. Мұнда медицина қызметкерлерімен қатар құқық қорғау органдарының өкілдері азаматтардың әрі-бері өтуін қатаң бақылауға алған. Мамандар әр азаматтың дене қызуын өлшеп, тексеру жұмыстарын жүргізіп тұрады. Осыдан соң Рүстем Дәулет Кенендегі ауылішілік су жүйелерін ауыстыру жұмыстарын қолға алған «Ақмешіт-Мелиоратор» ЖШС өкілдерімен кездесті. Мамандар жоспар бойынша жұмысты ағымдағы жылдың қазан айында толықтай аяқтаймыз деп отыр. Айта кетсек, бұл істің басталғанына ауыл тұрғындары дән риза. Серіктестік басшысы Бақытжан Шамахов техниканың жеткілікті екенін айтып, жұмысты уақытынан бұрын бітіруге ынталы екендерін жеткізді.
Аудан әкімі келесі кезекте Бетқайнар ауылдық округіне қарасты Соғанды ауылына барды. Ауылдағы мектеп пен медициналық мекеменің жайын көрген аудан әкіміне округ басшысы Талғат Үрістемов мұндағы бірқатар түйіткілді мәселелер турасында айтып берді. Ұсыныс-тілектерді назарға алып, жауапты мамандарға тиісті тапсырма жүктеген Рүстем Рысбайұлы осы күні Қақпатас пен Беріктас ауылдарының арасын жалғаған жолға жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының жайымен де танысты. Құрылысты қолға алған мердігер «Арқантас» ЖШС өкілдері жұмыстың барысы турасында баяндаса, аудан әкімі өз кезегінде ең бастысы сапа мен қауіпсіздікті қаперде ұстау керектігін алға тартты.
Осыдан кейін Рүстем Рысбайұлының жұмыс сапары Қалғұты ауылында жалғасты. Мұнда жаңа мектептің құрылысы басталған. Осы ретте құрылысшылармен тілдесіп, жұмыстың жайын талқылаған аудан әкіміне мердігерлер істің сапалы әрі уақытылы аяқталатынын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.