Қордайдағы «Ақжал» каналы жөндеуден өтеді

0

Қордай ауданы Жамбыл облысындағы аграрлы аймақтың бірі. Ауданда сәуір айы аудан шаруаларының жұмысы қызып, өңір диқандары білек сыбанып, жұмысқа кіріскен. Ендігі жерде бастысы ауа райы қолайлы болып, еткен еңбекпен төккен тердің қайтарымы көңілден шықса. Осы орайда, жерден несібесін жинаған жұртшылық үшін алаңдайтын бір мәселенің бар екені жасырын емес. Ол суармалы судың жеткілікті мөлшерде болуы.
Бұл расында да шаруаларды алдағы күндері үшін алаңдатып отырған жәйт. Жалпы, Жамбыл аймағы суармалы су бойынша көрші елге 80 процентке дейін тәуелді болып отырғандықтан айыр қалпақты ағайыннан келер судың көлеміне көбіне көңіл толмай жатады. Осыған байланысты аймақ, аудан басшылығы көптеген келіссөздер жүргізумен қатар, суға тәуелділікті азайту мақсатында су қоймаларының қоңын түзеп, каналдардың қарымын кеңейту үшін қолдан келгеннің барын жасауда. Аудан басшысы Рүстем Дәулет өткен аптада аудандағы бірқатар су қоймаларын аралап, жағдайын бағамдап, шаруалардың жаз айларында судан тарықпауы үшін атқарылатын жұмыстарды пысықтап, жауапты мамандарға тапсырма жүктеген еді. Ал, күні кеше аудан әкімі Рүстем Дәулет аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатовпен бірге шалғайдағы Қарасай ауылына барып, суармалы су жөніндегі мәселелерге қанық болып қайтты. Осыдан бір ай шамасында округ тұрғындарымен өткен кездесуде ауыл халқы аталмыш мәселені көтеріп, әкімнен көмек сұраған еді. Сол кезде оны өз бақылауына алған аудан басшысы, осы сапарында қарасайлықтар су алатын «Ақжал» каналының жайын тұрғындармен, диқаншылықпен айналысатын шаруа қожалықтарының өкілдерімен бірге барып көрді. Тура шекарада қалып қойған каналдың жайы күрделі-ақ. «Ақжал» «Колос» каналының бір тармағы саналғанымен, ұзақ жылдар жөндеу көрмеген. Былтыр «Колос» каналының мемлекеттік актісі жасалып, «Казсушардың» қарамағына өткен. Оған жөндеу жұмыстарын жасау үшін қаржысы да қарастырылған. Округ шаруалары осы орайда «Ақжалды» да ретке келтіріп беруді сұрайды. Аудан басшысымен сонда кездескен тұрғындар нақты проблемаларды айтып беріп, оның шешу жолдары бойынша да ұсыныстарын ортаға салды. Қарасай мен Еңбек ауылының шаруаларын сумен қамтитын арнаның қазіргі жайын көріп, оны ретке келтіру бойынша мәселелерді зерделеген аудан басшысы жауапты тұлғаларға тапсырма беретін болды. Бұл мәселе аудан басшылығының жіті назарында болмақ.
Алма бақтарын қайта түлеткен Қарасай ауылдық округінде суармалы судың проблемасы бұрыннан белгілі болатын. Бір қуантарлығы, ұзақ жылғы жатқан сең орнынан қозғалды. Көп ұзамай бұл жәйт шешімін тауып, ауылдан алма иісі аңқитынына сенім мол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.