Жедел әрекет ету штабы құрылды

0

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық Төтенше жағдайлар жөніндегі штабтың отырысы өтті. Штаб мүшелері алдымен онлайн режімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысына қатысты. Аудандық штаб мүшелері республика көлемінде атқарылып жатқан іс-әрекеттерден хабардар болып, Президенттің тапсырмаларымен танысты. Президент тапсырмасына орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс және аудан басшыларымен атқарылатын іс-әрекеттерді пысықтап, нақты тапсырмалар берді.

Аудан әкімі Нарбай Ергебеков Төтенше жағдайға байланысты аудандағы ахуалға тоқталды.

-Ең басты назарда халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі. Сонымен бірге, экономикамыз да тоқтап қалмауы керек. Жұмыс та жүру керек. Азық-түлік бағасын қатаң бақылауымыз қажет.

Барлық істе тәртіпті өзімізден бастайық. Басқаларға өзіміз үлгі бола білуіміз тиіс.

Сақтық шараларын күшейту үшін бізге қосымша күш керек. Яғни, әскерилердің көмегі қажет болып тұр. Бұл мәселе бойынша тиісті орынға ұсыныс жасалған, шешімін табатын болады.

Маңызды мәселенің бірі халықты әлеуметтік қолдау, яғни 42 500 теңгені алуға аудан бойынша 5 мыңнан аса адам өтініш жасаған. Оның 60 пайызға жуығына 42 500 теңгені беруден бас тартылатыны туралы жауап келген. Ондағы себеп, көптеген адамдар оның ішінде зейнеткер де, тіпті кейбір мемлекеттік қызметші де өтініш жасаған. Жаңа ғана республикалық, облыстық штаб отырысынан естігеніміздей, әрбір өтініш иесін зерделеу жұмысқа кедергі келтіріп отыр. Соның салдарынан алуға мүмкіндігі бар адамдарға 42 500 теңге кешіктірілуде. Сол себептен — бұл мәселеде халыққа түсіндіру жұмыстарын жалғастыруымыз керек,- дей келіп аудан басшысы әр саладағы жұмыстарға тоқталды.

Сонымен бірге, індетті тұрғындар арасында кеңінен таратпау мақсатында  Жамбыл облысының аумағында карантин режімі енгізілуіне байланысты ауданымызда Жедел әркет ету орталығы құрылғанын, орталықтың жұмысына жауапты сала басшылары жеті топқа бөлінгенін және олардың міндеттерімен таныстырды.

Орталық жұмысына арнайы кабинет жабдықталды. Жедел әрекет ету орталығына жауапты мамандарды өз міндеттерін жауапкершілікпен әрі жедел атқаруға шақырды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,

Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.