Бағаның шарықтауына жол берілмейді

0

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, әлемді шарпыған коронавирустық инфекцияның таралуымен бірге қара алтынның нарықтағы бағасының күрт құлдырауы бюджеттің бүйірін мұнай сатумен толтырып отырған ел экономикасына да, қарапайым халыққа да оңай соғып тұрған жоқ. Осындай ұрымтал сәтте ананы-мынаны сылтауратып, дәрі-дәрмектер мен азық-түлік бағасын қолдан өсіріп, қалтасын қампайтып қалғысы келетін пысықай саудагерлердің бой көрсететіні жасырын емес.

Алайда, Үкіметтің жақында өткен отырысында елімізде мұндай келеңіз жағдайға жол берілмейтіні,  халықтың бірінші кезекті тұтынатын азық-түлік тауарларына шекті баға белгіленетіні айтылып, тиісті салалардың басшыларына мұны қатаң қадағалау тапсырылған-ды.

«Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалының жанындағы партиялық бақылау комиссиясының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің және аудандық мәслихаттағы депутаттық фракцияның мүшелерінен құрылған топ аудан орталығындағы дәріханалар мен азық-түлік дүкендерін аралап, кәсіпкерлерге бірінші кезекте тұтынатын азық-түліктер бағасын Үкімет бекіткен шекті бағадан асырмау қажеттігі туралы қатаң ескертілді.

«Береке» дүкенінде орналасқан жеке кәсіпкер Наталья Ершованың дәріханасында сатылымда медициналық бетперде болмай шықты. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің нұсқауына сай дәріханада сатып алушылардың арасында белгілі арақашықтық сақтау мақсатында межелі сызық көрсетілген. Кәсіпкер бұл туралы ауызша да ескереді. Барлық дәрі-дәрмектер мен препараттардың бағалары жазылған. Кіреберісте үстелде қан қысымын өлшейтін аппарат пен қолды залалсыздандыратын антисептик құтысы қойылған. Сатушылардың өзі медициналық бетперде тағып, қолдарына резеңке қолғап киген. Дәрі-дәрмектер Тараз қаласынан күнделікті тапсырыспен жеткізілуде. Қажетті ассортимент сақталуда және отандық дәрі-дәрмектер бағасы бірқалыпты. Тек шетелдік препараттардың бағасы қымбаттаған. Тұтынушылардың «бетперде қашан болады?» деген сауалына Н.Ершова оны тігін цехтарынан сатып алуды ұсынатынын жеткізді. Мобильдік топ жетекшісі,  «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова мен партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Сейітхан Жұмашев кәсіпкерден дәріханада дәрі-дәрмек бағасын негізсіз өсірмеуді, тапсырыспен болса да, медициналық бетперде алдыруды, келушілерге коронавирустық инфекциядан сақтану жолдарын түсіндіріп отыруды, төтенше жағдай режимінде бекітілген талаптардың қатаң сақталуын ескертті.

«Қасым фарм» және жеке кәсіпкер Гүлмира Сыздықбаеваның дәріханаларында медициналық бетперде 150-200 теңгенің аралығында саудалануда. «Қасым фарм» дәріханасының сатушысы құны 200 теңгелік 16 қабаттан тұратын көп мәртелік бетперденің індеттен сақтайтынына сенімді. Аталған дәріханаларда импорттық препараттардың бағасы 5-10 пайызға артқаны байқалады. Дезинфекция жасайтын құралдар бар, келушілер пайдаланады.  Сатушылар медициналық бетперде тағынған, қолдарына резеңке қолғап киген. Келушілерден медициналық бетперде тағып жүру, арасындағы арақашықтық сақтау  талап етілуде.

«Айша», «Жасыл», «Қаратас» және «Нүркен»  дүкендерінде топ мүшелері нанның, ұнның, өсімдік майының, қарақұмық пен күріштің, жұмыртқаның босатылу бағасын сұрастырғанда, аталған азық-түлік өнімдері бағасының Үкімет бекіткен шекті бағадан жоғары екенін анықтады. Мәселен, «Қаратас» және «Нүркен» дүкендерінде жергілікті наубайшылар пісірген формалы нан 80 теңгеден, ал «Хлебный двор» сауда белгісімен  Тараз қаласынан жеткізілетін нан 95 теңгеден, ал «Жасыл» дүкенінде 100 теңгеден сатылуда. Кейбір дүкендерде ұнның, макоронның, өсімдік майының, қарақұмық пен күріштің сатылу бағасында реттілік жоқ. Топ мүшелері аталған дүкен иелеріне  ҚР Сауда және интегарция министрлігі, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бөлшек сауда бағасын енгізу туралы» №23 бірлескен бұйрығымен таныстырып, халықтың бірінші кезекті тұтынатын осы азық-түлік өнімдерінің бағасын шекті бағамен сәйкестендіру қажеттігін ескертті.

Абылайхан СӘРСЕН,

Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.