Еліңді сүйсең – ерлік жасайсың…

Жуалы ауданында індеттің алдын алу бағытында бұқаралық жұмыстар атқарылуда

0

Қайырымдылық – адам жаны мен жүрегін жақсылыққа бөлейтін ұлы іс. Қиналғанға қол ұшын беру, аш адамды тойындыру, жоқ-жітікке қарайласу сияқты жақсы қасиеттер біздің қазақ халқының бойынан молынан табылады. «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» демекші, халқымыздың басынан осы күнге дейін талай-талай қиын-қыстау уақыттар, замана дауылдары өткені белгілі. Қазақ халқы жаугершілік замандарды, аштықты, қуғын-сүргінді көп көрген халық. Биылғы жылы 75 жылдығын атап өткелі отырған Ұлы Жеңістің де оңайлықпен келмегені анық. Ұлы Отан соғысында біздің елге қаншама қиындықтар келді. Соғыс салған жара әлі де жазыла қойған жоқ.

Одан бөлек, ел ішінде ірілі-ұсақты табиғи апаттар, басқа да өндірістік апаттар болып жатады. Бұл да табиғи заңдылық. Бірақ, соңғы жылдары жер бетінде апаттардың көбейіп бара жатқаны жүрек ауыртады. Осындайда жақсылықтың да, жамандықтың да бір Алладан екеніне мойынсұнуымыз қажет-ақ.

Биылғы жылдың басында алғаш рет Қытай Халық Республикасының Ухань қаласынан бой көрсеткен коронавирус инфекциясы әлемнің бірқатар елдеріне тарап кеткені белгілі. Қазіргі таңда СOVID-19 деп аталатын қауіпті індетпен әлем елдері күресіп жатыр. Аты жаман індет жұқтырып немесе осы аурудан зардап шегіп жатқандардың саны күн санап артып барады. Мұны да адамзат баласына келген бір сынақ деп білген жөн.  Қауіпті індетпен күресте адамдарға ең алдымен сақтық шараларын мұқият сақтаған жөн сияқты. Сонда ғана біз бұл індеттен аулақ болатынымыз анық.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазіргі жаңа заманда атқарылуы тиіс міндеттердің кеңінен зерделеніп айтылғаны бәрімізге белгілі. Мақалада: «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне тайрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп айтылған сөйлем жолдары кім-кімді тебірентпей қоймайтыны анық. Иә, әрбір азамат жай кезде де туған жеріне, өскен ортасына, жерлестеріне шарапатын тигізіп қана қоймай, ел бірлігі мен адамдардың жомарттығы сыналатын сын сағаттарда белсенділік танытқаны абзал.

Белсенділік, елжандылық қасиеттер қайдан шығады?! Әрбір азамат туған жерін, Отанын, туған-туыстарын сүю арқылы нағыз патриот болып қалыптасады. Біздің айтпағымыз, елде қалыптасып отырған күрделі жағдайға байланысты тарыққанға қол ұшын беріп жатқан аудандағы патриот азаматтардың қайырымды істері жайында болмақ.

Осы орайда коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында аудан басшылығы тарапынан бірқатар шаралар қабылданып, сауда орындарында азық-түлік бағасын негізсіз өсірмеу, дезинфекциялау жұмыстары жүйелі атқарылып жатыр. Ауданға қарасты ауылдық оуругтерде де алдын алу жұмыстары қызу жүруде. Атап айтқанда, Боралдай, Шақпақ, Күреңбел т.б. ауылдық оуругтерде шаруа қожалық басшыларының және ауылдың жанашыр азаматтарының күшімен медициналық маскалар тігіліп, аз қамтылған отбасыларға азық-түліктер таратылуда. Бұл жұмыстарға ауыл тұрғындары да белсене атсалысуда. Мұндай жұмыстар әсіресе, Боралдай мен Шақпақ ауылдық округтерінде жүйелі жолға қойылып отырғанын да баса айтқымыз келеді. Боралдайда бұл жұмыстар толықтай шаруа қожалық басшыларының күшімен атқарылса, Күреңбелде ауыл жастарының көмегімен маска тігетін арнайы материалдар жеткізіліп, медициналық бетперделер тігіліп, көпбалалы аналарға, т.б. санаттағы осал топтағы азаматтарға тегін таратылуда. Ауданға қарасты басқа да ауылдық округтерде тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Кейбірінде аздап болса да қайырымдылық шаралары қолға алынып, медициналық маскалар тігілуде. Тағы бір айта кетерлігі, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері де маска тігу және қайырымдылық шараларына белсене қатысуда.

Осындай күрделі кезеңде қоғамның осал топтарына қол ұшын созып, көмек беру маңызды. Жақында мұндай қайырымдылық акциясының бірі Қошқарата ауылдық округінде ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты коронавирус індетінің таралуымен күресу мақсатында іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырып, үндеу жасағаны белгілі. Қошқарата ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиев округ тұрғындарын Елбасының үндеуіне нақты әрекеттермен жауап беруге және осындай қиын сәтте көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсету бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға шақырды. Осыған орай Қошқарата ауылдық округі әкімінің аппараты демеушілік көрсетуге ниет еткен азаматтармен округтегі әлеуметтік жағдайы нашар тұрғындарға, көпбалалы отбасыларға, қарияларға азық-түлік пакетін тарату бойынша «Біз-біргеміз!» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Акцияға демеушілік көрсеткен Қошқарата ауылының тұрғыны, «Әуден» шаруа қожалығының басшысы Дәулет Тәжібаев өз қаражаты есебінен 200 мың теңгеге округтегі көпбалалы, жалғызбасты аналарға, қариялар және мүмкіндігі шектеулі жандарға, яғни, 20 отбасына  бірінші қажеттіліктегі азық-түлік тауарлары түрінде  көмек көрсетті.

Акция нәтижесінде тұрғындар мемлекет тарапынан қабылданған шаралар мен халықты қолдауға бағытталған акцияларға алғысын білдіріп, елде қалыптасып отырған жағдайға түсіністік танытатындарын жеткізді.

Осындай күрделі кезеңде туған еліне, туған-туыстары мен ауылдастарына шын жанашырлық танытып жатқан азаматтарды «Атымтай жомарт» демей, не дейміз! Өмір көгінен құйрықты жұлдыздай ерте ағып түскен ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен. Тағдыр қылды деулерді, шығарамын сөзімнен. Өзім қылдым деулерді, таса қылман көзімнен» деген әйгілі өлең жолдары еріксіз ойға оралады екен осындайда. Жақсылық жасасақ та, жамандық жасасақ та ол өзімізге айналып келеді. Ендеше, жасаған жақсылықтың да бір қайыры бар екенін естен шығармайық, ағайын. Қиындықта бір халық екенімізді, бір-бірімізге қорған екенімізді көрсетейік. Көмек қолын созуға асығайық.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

Жуалы ауданы7

Leave A Reply

Your email address will not be published.