Карантиндегі азаматтарға көмек көрсетілуде

0

Апта басында Тараз қаласы Қарасу алқабындағы бір подъездің  тұрғындары карантинге жабылған еді. Оқшаулауда жатқан азаматтарға тараздық кәсіпкерлер мен билік өкілдері жан-жақтан демеу көрсетуде.

Атап айтсақ, Тараз қаласы әкімдігі төтенше жағдайға қаралған қаржы есебінен үй тұрғындарын күнделікті азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, кеше жергілікті билік әр тұрғынға 4 келі күріш, 6 келі картоп, 5 келі пияз, 1 литір сұйықмай, 4 келі макарон, 20 дана жұмыртқа, 1 келі тұз, 5 келі сәбіз және 10 бөлке нан сынды азық-түлік жеткізіп берді. Сондай-ақ қала әкімдігі түскі және кешкі аспен де үй тұрғындарын қамтамасыз етуде.

Әрине қиын сәтте қол ұшын созу сауапты іс. Бұны қаланың кәсіпкерлері мен белсенді азаматтары да жіті түсініп, карантинге жабылған  жұртқа жәрдемін аямауда.  Мысалы,  Nur Otan пар­тиясы Жамбыл облыстық фи­лиа­лының  белсенді мүшесі Ерқанат Манжуов өз қаражаты есебінен 480 адамға ыстық тамақ ұйымдастырды. Олардың ішінде Қарасу алқабындағы үй тұрғындарынан бөлек, тәртіпті күзетіп жүрген сақшылар мен  өткізу-бекеттеріндегі мамандар бар. Мұндай игілікті іске сондай-ақ Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, облыстық мәслихат депутаты Е. Саурықов, «АКМ group» компаниясының жетекшісі, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Ш. Үсенбаев, «Пырақ- Құрлыс» серіктестігінің төрағасы Т.Жолтаев және  «Үміт» мейрамханасының жетекшісі Л.Гаюпова сынды азаматтар да бар. Атымтай жомарт жандардың  мұндай игі істері көпке үлгі екені даусыз.

Енді кеше түнде №10 шағын ауданындағы көпқабатты үйдің бірінен де коронавирус індетін жұқтырған азаматша анықталды деген ақпар тарады. Жергілікті билік пен кәсіпкерлер бұл тұрғындар да назардан тыс қалмайтынын, жерлестерімізге барынша қолдау білдірілетіндігін  айтуда.

Бұл сөз жоқ, бас бармақпен бағалауға тұрарлық нәрсе.

Leave A Reply

Your email address will not be published.