Абыройы асқақ әулет

0

Қылмыстық-атқару жүйесі Жамбыл облысы бойынша департаменті үшін сала қызметкерлерінің династиясы сирек кездесетін жайт емес. Бүгінде мұнда ішкі істер органдарына бүкіл өмірін арнаған бірнеше ардагердің ұрпағы абыройлы жұмыс істеп келеді. Соныңың бірі – Тараз қаласында тұратын Бабашевтар әулеті.
Аталған отбасының бұл саладағы жол бастаушысы – Өркен Бабашев. 1968 жылы Сарысу ауданында дүниеге келген Өркен Базарбайұлы ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1996 жылы бастаған. Әуел баста қызметін тергеу изоляторында бақылаушы болып бастаған ол еңбек жолында талапшылдығының әрі табанды жұмысының нәтижесінде ЖД-158/1 мекемесі бастығы кездесу көмекшісінің орынбасары лауазымына дейін көтерілген. 2012 жылы әділет капитаны шенінде құрметті зейнет демалысына шыққан.
Бүгінде аталған саладағы әке жолын Өркен Базарбайұлының тұңғышы Азат Базарбай жалғастыруда. Әкесінің әскерилерге тән тәрбиесін көрген ол бала кезінен-ақ өмірін ішкі істер саласымен байланыстыратынын түсінген екен.
– Отбасында 4 баламыз. Әкеміздің тік жүріп, тік тұратын сымбатты тұлғасына, тік мінезіне қарап бой түзедік. Иығындағы жұлдыздары мен формасына қызығып өстік. Әкеміз бізге өмір жолында қандай жағдайға кездессек те адалдықтың ақ жолынан таймай, әділ де қайсар болып өсуге тәрбиеледі. Қазіргі таңда қызметімде әкемнің айтқан әр сөзі, берген тәлімі үлкен көмегін тигізуде, – дейді Азат Өркенұлы.
Азат әкесінің қызмет бабындағы әрбір жетістігіне қарап жігер алатынын айтады. Оның сөзіне қарап шынында да әулеттің халық алдындағы абыройы асқақ екенін сездік.
Әке жолын қуған Азат Базарбай 1992 жылы дүниеге келген. Әкесінің өз жолын жалғау туралы өсиетін жерде қалдырмау үшін ол мектеп табалдырығынан түлеп ұша салысымен ҚР Әділет министрлігінің Қостанай Академиясына оқуға түседі. 2014 жылы оқу ордасын абыроймен тәмамдаған жас маман еңбек жолын Ақмола облысында бастайды. Осылайша, ЕЦ-166/4 мекемесіне жұмысқа орналасып, онда МБКК орынбасары лауазымында қызмет етеді.
Уақыт өте келе туған жерге оралған Азат қазіргі қызмет орны – Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/2 мекемесіне орналасады. Бүгінде ол мекеменің САТӘПЖБ босатылғандарды еңбекпен және тұрмыстық қамтамасыз ету инспекторы болып қызмет етуде. Абыройлы қызметінің арқасында әкесі жеткен әділет капитаны шешін алған Азат алдағы уақытта қоғам алдындағы қызметін кіршіксіз атқарып, Өркен Базарбайұлының алмаған шендеріне қол жеткізуді армандайтынын айтады.
– Әкем мен анам 3 ұл мен 1 қызды дүниеге әкеліп, тәрбие берді. Ештеңеден тарықтырмады. Ашығын айту керек, біздің қызметіміз уақытпен санаспайды. Кейде әкеміздің ұл-қыздары алдындағы міндеттері де Отан алдындағы қызметі кезінде екінші кезекте қалғаны жасырын емес. Сондай кезеңдері үйдегі анамыздың ақылды болмысы біздің лайықты өсіп-жетілуімізге тікелей себепші болды. Ендігі кезекте мен де балалық парызымызды қайтарып, ол кісілерден алған тәрбиемді еліміздің игілігіне жұмсасам деймін, – дейді А. Базарбай.
Міне, осындай отбасыдан шыққан Азат Өркенұлы нағыз отансүйгіш азамат болып ер жетіп, бүгінгі таңда әке жолын жалғастырып, ішкі істер органдарында абыройлы қызмет етіп келеді. Қазіргі уақытта отбасын құрып, 1 қыз тәрбиелеп отырған ол болашақта балаларының осы салада қызмет етіп, ата мен әке жолын жалғастырғанын қалайтынын жасырмайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.