Қашықтықтан оқытуға дайынбыз!

0

Бүгінгі күні коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты 6 сәуірден бастап мектептер үшін төртінші тоқсан қашықтықтан оқыту форматында басталады.

Қашықтықтан берілетін сабақ әдеттегідей 40 минут көлеміндегі сабақ емес. Қашықтық сабақтың әдіс-тәсілдері, ұстанатын қағидалары өзгеше.

Қазір балалар көктемгі демалыстың соңғы күндерін өткізуде. Ал мұғалімдер оқушыларды жаңаша оқытуға дайын. Министрліктің тапсырмасымен 1 сәуірде Қазақстанның барлық мектептері қашықтықтан оқыту бойынша сынама сабақ өткізді. Мұғалімдер оқушылардың жаңа жүйеге дұрыс қосылған-қосылмағандығын толық тексеріп шықты. 2 сәуірде еліміз бойынша жаппай ата-аналар жиналысы өтіп, жүйеге қосылу, балалар жұмысын дұрыс ұйымдастыру үйретілді. Ал, кеше, яғни 3 сәуірде оқушылармен сынып сағаттары жүргізілді. Онда да балаларға тиісті ақпарат беріліп, қашықтықтан оқыту форматы туралы барлық сұраққа жауап берілді. Дайындық барысында 6 сәуірде мектептер, ата-аналар, құрылғылар да қашықтықтан білім беруге дайын екендігін көрсетті.

Жалпы мұғалімдерге цифрлық құрылғылармен жұмыс жасау жат емес. Бұндай әдісті олар сабақ барысында қолдануды әу баста-ақ әдетке айналдырған. Мәселен, сабақ барысында мұғалімдер цифрлық білім беру ресуртарымен, электронды оқулықтармен, электронды журнал жүйелерімен бұған дейін де жұмыс жасайтын. Сол секілді оқушылардың демалысы кезінде де әбден жаттығып, педагогикалық шеберліктерін арттыратын әдістемелік қоржындарын толтырып, болашақ сабақтарына қажетті материалдар қарастырған болатын.

Біз аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы А.Ө.Бименбетовтен біздің аудан жүйеге қаншалықты дайын екендігін сұрастырғанымызда «толық дайынбыз» деп сенімді жауап берді.

Білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда аудан әкімдігінің білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінде 20206 оқушы, ал оларды оқытатын 2243 педагог бар. Қашықтықтан оқытудағы ең маңызды мәселе – әр үйде компьютер немесе смартфон және интернет желісінің болуы. Бізде 9536 оқушыда мобильдік интернет желісіне қосылған компьютер, 13600 оқушыда смартфон және планшет құрылғылары болса, 1703 отбасы білім беру мекемелеріндегі оқу үдерісіндегі компьютерлермен қамтылған.

Бөлімнің мәлімдеуінше, аудан бойынша 1308 аз қамтылған отбасы тіркелген, ондағы оқушы саны – 2482. Оның 97-де үй жағдайында компьютері бар. Ал қалған 1135 аз қамтылған отбасыға білім беру мекемелеріндегі компьютерлер таратылған. Сол секілді оқушыларға сабақ өткізу үшін 264 педагог мектеп тарапынан компьютермен қамтылыпты.

Мұғалімдер оқытуға сақадай сай. Олардың өз дайындықтарынан бөлек, бүгінгі күнге дейін қашықтықтан оқыту бойынша білім бөлімінің әдістемелік кабинеті тарапынан семинарлар мен вебинарлар ұйымдастырылған.

Атап өтерлігі, әдістемелік кабинет қашықтықтан оқыту бойынша негізгі пәндерден бейне ресурстар орналастырылған 8 «YouTube» арналарын ашып, оның ішіне аудандағы педагогтардың бейне сабақтарын жүктеуде. Жалпы 6 сәуірде басталатын жүйе барысында барлық білім беру мекемелерінің негізгі оқыту платформасы ретінде «Күнделік» ақпараттық жүйесі, «Дарын онлайн», «Мектеп онлайн», «BILIM Land» білім беру ресурстары алынды. Сонымен қатар, «Ел арна», «Балапан» телеарналары және Қазақ радиосы арқылы министрліктің сабақ кестесіне сәйкес білім берілетін болады. Сондай-ақ, оқушылармен кері байланыс орнату мақсатында «Whats app», «Telegram» мессенджерлері мен Webex онлайн конференция платформасы қолданылады.

Иә, енді көк жәшіктегі екі арна таңғы 9-дан бастап кино мен мультфильм емес, сабақ роликтерін көрсетпек. «Балапан» — қазақ тілді, «Еларна» — орыс тілді мұғалімдердің орнын басады. Бейнежазбалар ұзақтығы – 15 минут. Бұл — жаңа тақырыпты түсіндіруге арналады. Осылайша әрбір оқушы кез келген пән бойынша өзіне керек мағұлматтарды игере алады.

Сабақтардың өту уақыты мектепте өткізілген уақытпен сәйкес келеді. Тек түске дейін 1-9 сыныптар, ал түстен кейін 10-11 сыныптар оқитын болады.

Біз бөлім басшысы Асқар Өсербайұлына «Ауданнан шалғай жатқан, соның ішінде интернет желісіне қосылмаған елдімекендердегі оқушылардың жағдайы қандай болады?» деген сауал жолдағанымызда: «Аудан орталығынан шалғай, интернеті жоқ елді мекендерде орналасқан 5 бастауыш мектепте (Еңбек, Еспе, С.Мұқанов, №48, Жиделі (5 бастауыш мектептегі жалпы оқушы санын қосқанда 68 бала)) барлық санитарлық талаптар сақтала отырып, дәстүрлі режимде оқытылмақшы. Ал 21 елді мекенде тұрақты жоғары жылдамдықты интернет желісі болмағандықтан оқушылар тек 2G, 3G мобильдік интернеттері арқылы «Whats app» желісімен смартфондар арқылы және телеарналар арқылы білім алады» деп жауап берді.

Осы тұста мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ-ға дайындығы қалай болмақ деген сауал еріксіз қойылатыны анық. Дәл өзге оқушылар секілді олар да «Дарын онлайн», «Мектеп онлайн», «BILIM Land» сынды арнайы білім беру сайттары және тест орталығының онлайн тест жұмыстарымен дайындалатынын біле алдық.

Қарап отырсақ, барлығы қамтылған, жан-жақты жағдай жасалған. Мұғалім мен оқушыдан бөлек, директор, орынбасарлар және ата-аналардың да өзіндік міндеті бар. Жекелей алсақ, мектеп басшылығы «Күнделік» ақпараттық жүйесінде кері байланыстың орын алуын және сабақ жоспары мен үй тапсырмаларының уақытылы берілуін бақыласа, ата-аналар балаларының оқу үдерісіне қатысуына мүмкіндігінше жағдай жасап, мұғалімдер тарапынан берілген тапсырмалардың орындалуын қадағалайтын болады.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.