Омарташы Нұрлан

0

Ақсай ауылдық округі Қайрат ауылының тұрғыны Нұрлан Таңатаров – ара шаруашылығын қолға алған жас омарташы. Ол ауылдағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінің түлегі. Нұрлан Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетке оқуға түсіп, оны инженер-конструктор мамандығы бойынша тамамдайды. Жоғары оқу орнынан кейін де білімін жетілдіру мақсатында Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде оқуын жалғастырып, магистрант атанады.

Алайда, өз мамандығы бойынша ауылда жұмысқа орналаса алмайтынын жақсы білген Нұрлан отбасымен кеңесе келе, көптен бері ойда бар жоспарын іске асыруға бел буады. Ол былтыр Жастар жылы аясында берілген мүмкіндікті пайдаланып, «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алды.
– Негізінен ауыл тұрғындарының дені мал және егін шаруашылығымен айналысады. Ал, мен жаңашылдықты қаладым. Алған мамандығым бойынша тек қалалардан жұмыс табуға болады. Бірақ ата-анамнан жырақта болғым келмегендіктен, отбасыммен бірге кәсіпкерлікпен айналысайын деп шешім қабылдадым.
Менің нағашыларым Жаңаталап ауылында тұрады. Бала күнімде осы ауылға көп баратынбыз. Сол кезде нағашыларымның көршілері орыс ұлтының өкілдері омарташы еді. Олардан араны қалай өсіріп-күту, баптау керектігі жайлы ағам Абзал екеуміз көп сұрайтынбыз. Қызықтап жанынан шықпайтынбыз. Омарташылар бізді бала демей бар білгендерімен бөлісіп, араның ерекшелігін де айтып беретін. Міне, сөйтіп, мен бала кезден ара шаруашылығына қызыға бастадым.
Араның бір ерекшелігі, тазалықты жақсы көреді және асқан шебер. Ұяларына барар уақытта қолды әтір сабынмен жумау керек және ешқандай шылым мен ішімдіктің, әтірдің иісі шықпауы тиіс. Олар өте иісшіл. Бір иісті сезсе, талап тастауы мүмкін. Аяқ астынан артық қимыл жасамау керек. Екіншіден, уақтылы көңіл бөлу. Аталығы көбейіп кетпеу керек. Олар көбейсе, бал жиналмайды. Ал, аналық аралар бәрін бақылап, көбейтіп отырады. Егер аналық екеу болып кетсе, ұяны екіге бөліп әкетеді. Сондай-ақ, жұмысшы топтағы аралар балды жинауға көп күш жұмсайды.
Олардың қорегі – көктем айларында алма, өрік, шие, тағы да басқа жеміс ағаштарының гүлдері. Біз балды көктем және күз айларында екі рет пісеміз. Нағыз таза, пайдалы бал – мамыр айында жинағандары. Негізінен ара балды өз қорегі үшін жинайды. Олай болмаса, аштан өліп қалады. Сол себепті, балын піскенде араға қорек ретінде қалдырып қою керек.
Сонымен қатар, аралар күн суыған кезде де арнайы күтімді қажет етеді. Оларды тек далада ұстау керек. Ұядағы температура бірқалыпты болып, ауа кірмеу қажет. Егер тым ыстық немесе салқын болса, өліп қалады. Сол себепті, жылдың әр мезгілінде тек далада ұстаған жөн. Қыста оларға қанттан жасалған шәрбатын құйып тұрамыз. Ол сонымен қоректеніп, бал шығара береді. Бұл менің ара шаруашылығы туралы білетін аз ғана мәліметім. Алдағы уақытта жұмыс барысында әлі талай қырларымен танысамын деп ойлаймын, – дейді Нұрлан Мырзахметұлы.
Кәсіпкер берілген қаражатқа ара шаруашылығына қажетті 10 ұя сатып алған. Әр ұяның салмағы – 50 келі. Оның ішіне бір-бір пакеттегі араның отбасы кіреді. Шаруашылыққа қажетті заттардың көбісін Алматы қаласынан алған. Ал, араның «карника» деген түріне Тараз қаласындағы омарташыларға тапсырыс беріп қойған екен.
— Ара өте нәзік, әрі еңбекқор. Аралармен жұмыс істеу үшін арнайы киім бар. Оны да сатып алдық. Ұяларын тазалап, жаңартып, әзірлеп қойған жайымыз бар. Күн жылынса, сәуір айының соңына қарай ауылдың жоғарғы жағындағы алма бауымызға ұяларды орнатып, шаруамызды бастайтын боламыз.
Көмекшілерім – отбасым. Ал, кеңесшім – ағам. «Бірлік түбі – береке» демекші, бастаған жаңа ісімізді отбасымызбен бірге жүргізіп, нәтижесін көреміз деп ойлаймын. Біз ара балынан түсетін пайдасына емес, сапалы өнім шығаруға көңіл бөлетін боламыз. Ең бірінші жанұямыз үшін өнім алынады. Осы ретте, алға қойған мақсаттарымыз орындалып, кәсібімізді өрге дөңгелету үшін еңбек ететін боламыз, – дейді жас кәсіпкер.
Ия, жаңашылдыққа жаны құмар жастарымыз қашанда алғы шепте. Жас кәсіпкердің аса мұқияттылығы, ептілігі, еңбекқорлығы оған толағай табыс әкелетіні сөзсіз. Осы ретте, Нұрланның қолға алған ісі өрге домалап, ауданның дамуына өз үлесін қосатынына сенім мол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.