Су қоймаларынан қауіп жоқ

0
Көктемгі су тасқынына қарсы шаралар наурыз айында күшейтіле түседі. Осы орайда аудандағы су қоймаларының жағдайы, су қоры және қауіптің бар-жоғы бойынша жауапты мамандар күнделікті зерделеу жұмыстарын жүргізіп тұрады. 29 наурызда аудан әкімі Рүстем Дәулет аудандағы су қоймаларын аралап, жағдайымен танысып қайтқан болатын.
Аудан басшысы алдымен «Қарақоңыз» және «Қақпатас» су қоймаларында болды және су тасқыны кезеңінде су басуға бейім жерлерді аралап, мамандармен кездесті. Анық болғандай, бүгінгі күнге аудандағы гидротехникалық нысандарда жағдай тұрақты, су деңгейі ең төменгі деңгейде, ешқандай қауіп төндіріп тұрған жоқ. Су қоймалары толған жағдайдың өзінде қосымша су жіберу құбырлары дайын, суды өткізуге еш кедергі болмайды. Осы орайда аудан әкімі су қоймалары орналасқан округ басшыларына су өткізгіш құбырларды және арықтарды тазалықта ұстау бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Аграрлы аудан ретінде су қоймаларының маңыздылығы айтпаса да белгілі. Әсіресе, несібесін жерден терген диқандар үшін су қоймалар қоңының жақсы болуы шарт. Әр егістік алқабына су жеткізетін каналдардың жағдайы да әкім назарынан тыс қалған жоқ. Рүстем Дәулет өткен жылы жөндеу жұмыстары басталған «Георгиевск» магистральді каналының жайын бақылап, ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының негізінде қолға алынған шараларды барып көрді. Сондай-ақ, суды барынша үнемдеуге, суармалы егістік жердің көлемін ұлғайтуға, мал шаруашылығын, қажетті жем-шөп өндірісін молайтуға септігін тигізетін канал жұмысына қатысты бірқатар мәселелерді мамандармен пысықтап, тапсырмалар да жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.