Елге елеулі, халыққа қалаулы

0

Оспанов Жұмахан Зәукетайұлы Шу ауданындағы бұрынғы Чкалов атындағы кеңшарға 1983 жылдың күзінде директор болып тағайындалғанда қырық жастың қырқасына ілінген шағы болатын. Бұған дейін Алматы малдәрігерлік зоотехникалық институтын тәмамдаған Жұмекең өз мамандығы бойынша туып-өскен ауылы Жамбыл атындағы кеңшарда зоотехник, ферма меңгерушісі, шаруашылықтың бас зоотехнигі қызметтерін атқарып, мал шаруашылығын өркендету мен мал өнімдерін көбейту мақсатында едәуір іс-тәжірибе жинақтаған. Сондай-ақ, Жаңақоғам ауылдық кеңесінің төрағасы болып ел басқарудың тиімді тәсілдерін, пайдалы әдістерін біршама меңгерген.

Әйткенмен жаңа басшыға шаруасы шалқақтаған шаруашылықты басқарып кету бірден оңайға түсе қойған жоқ. Неге  десеңіз, кеңшардағы бас мамандар мен қатардағы жұмысшылардың да жұмысқа деген жауапкершілігі мен атқарушылық тәртібі төмендеп кеткендігі айқын байқалды. Берілген тапсырмалардың дер кезінде әрі сапалы орындала бермейтіндігі  көпе көрнеу көрініп тұрды. Осының салдарынан шаруашылықтың экономикалық көрсеткіштері күрт өзгере қоймады. Тума табиғатынан төңірегіндегілерге дауыс көтеріп, зекіп сөйлеуге, ашу шақырып, дөрекілеу тіл қатуға дағдыланбаған жаңа басшы өмірдегі көрген, ойға түйген тұжырымдарға арқа сүйеді. Осындай қиын-қыстау кездерде әкесі Зәукетай мен анасы Құндызкүлдің әр кезде айтып отыратын ақыл-кеңестері есінен бір сәт шыққан емес. Әкесі шаруашылықтың сиырын бақса, анасы ферма сауыншысы болатын. Қарапайым еңбек адамдары Жұмаханға: «Қарағым, бұйыртып басшы бола қалсаң, жұмысшыларыңа әділетті қара. Әсіресе, олардың жалақысын дұрыс төлеп бер, өзің де көріп жүрсің ғой, бар бейнетті, бар ауыртпалықты солар ғана көтереді. Сонда ғана сенің жұмысың жүреді, бағың жанады»-деп үнемі құлағына құйып отыратын. Ата-анасының жастай жетім өсіп, өз қатарларына еңбек етіп, тер төгу арқылы жеткендігін жақсы білетін Жұмекең әке-шеше өсиетін жадынан бір сәт шығарған емес

Сондай-ақ, Жұмекеңнің  өмірінен  институтты бітіргеннен кейін Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданының орталығындағы Никитенко кеңшарында төрт жылдай зоотехник және бөлімше басқарушысы болып қызмет атқарғандығы үлкен орын алды. Бұл жақтағы бөлімшенің әрқайсысы өз алдына бір шаруашылық іспетті. Ең бастысы Никитенко кеңшарының басшысы В.Козловтың сеніміне ие болып, шаруашылық жұмысын ширата түсті. Совхоз директорының өзі кепілдеме беруімен Жұмекең коммунистік партияның мүшесі болып қабылданды. Жас маманға бұдан артық қандай құрмет болсын!? Өйткені сырттағы ағайындардың өзі жас маманның қандай іске болмасын аса жауапкершілікпен атсалысатындығын жоғары бағалаған еді. Оларға салса Жұмахан Зәукетайұлын Никитенко кеңшарынан басқа жаққа жібергілері келмеді. Бірақ осы кезде Жұмекеңнің ата-анасы құрметті еңбек демалысына шығып, қарттыққа қадам басқандықтан Жұмекеңнің көз алдарында жүруін қалады. Бәрінен де әке-шешесінің қас-қабағына қарап өскен және соны басты мақсат тұтқан ол қарны тойған жерге емес, туған жерінде қызмет етуге бел буды. Бұл атам қазақтың: «Жат елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген өнегесін шын мәнінде ұққандығын ұлықтай түскендей. Бұл шаруашылықта негізінен механизаторлар да, сауыншылар да, орыс, неміс  және басқа да ұлттардың өкілдерінен жасақталған-ды. Сүттей ұйыған көпұлтты үлкен ұжым мемлекеттік тапсырмаларды орындауда алдыңғы қатардан көріне білді. Қол жеткен жетістіктер мен табыстардың ел игілігіне жарағандығы көпшіліктің тәртіпке бас игендігін өз қызметтеріне адалдағын аңғарта берді.

Жоғарыда атап өткендей, Жұмекең Чкалов атындағы кеңшарға директор болып келген күннен бастап, өзінің өмірдегі іс-тәжирибесін баянды басшылыққа алды. Әр кезде мамандармен де, жұмысшылармен де ашық сұхбаттасып, ортақ іс жайлы пікірлер алмасты. Билік пен бұқараның арасындағы түсінушілік тек қана әңгіме-дүкен түрінде ғана емес, еңбек адамдарының қолдауымен, олардың талап-тілектерін орындаумен ұштасып жатты. Осындай қалтқысыз қарым-қатынастың арқасында егіншілік мәдениетін көтеру мақсатында агротехникалық шараларды сапалы орындау барысында егіншілік түсімі жыл сайын арта берді. Атап айтқанда, шаруашылықтағы көлемі 400 гектар қант қызылшасының әр гектарынан 350-380 центнер аралығында тәтті түбір жиналды. Мал тұқымын асылдандыру мен ғылыми жетістіктерді пайдалана отырып,  ет, сүт және жүн тапсыру сияқты мал өнімдерінің көлемдері арта түсті. Соның бір айғағы, шаруашылықтың балды бармақты сауыншысы Рыскүл Байдақметова Шу сайлау округі бойынша Қазақ ССР Жоғары Советіне депутат болып сайланды. Сонымен қатар, Жұмекең «Правда» газетінде жарияланған ресейліктердің қыс айларындағы жас бұзауларды күтімдеудің тиімді тәсілдерін ауданда алғашқылардың бірі болып өндіріске қолданған. Осы әдістің нәтижесінде бұзау шығыны бұрынғыдай емес күрт азайып, жас төлдерді дін аман сақтау мақсатында көптеген игілікті істер жүзеге асырылды. Талай жылдардан бері бұзау алу жоспары орындалмай келсе, бұл мәселе де түбегейлі шешілді. Мұның өзі жергілікті жұрттың мерейін тасытып, абыройын өсірді. Атап айтар бір жай, Жұмекең шарушылық жұмысымен қатар елді мекенді көріктендіруге, көгеріштендіруге және абаттандыруға қолынан келгенше көмек беріп отырды. Ауылдағы негізгі көшелердің табанына совхоз күшімен қиыршық тастар төселіп, тегістелді. Кейіннен асфальт салынды. Көшенің қос қапталына бетон арықтар жасалынып, онымен тәулік бойы су ағып тұрды. Сонымен қатар, орта мектепке 4 сыныптық бөлме және спорт залын салып берді. Бұған қоса озат механизаторларды, шопандарды, сушылар мен сауыншыларды Алматы қаласы маңындағы демалыс үйлеріне, көрші Қырғыз еліндегі шипажайына тегін жолдамамен жіберіп отырды. Ауыл жастарын тәрбиелеу мәселесі де назардан тыс қалған емес. Қоғамдық іске белсене қатысқан жалынды жастарды Бішкек қаласындағы мәдени іс-шараларға қатыстырып, олардың да еңбекке деген белсенділігін арттыра түсті. Айта берсек мұндай басшы тарапынан қамқорлық шаралары жан-жақты жасалынды. Жұмахан Зәукетайұлы Чкалов кеңшарын 12 жыл бойы баянды басқарып, шығынға шырмалған шаруашылықты табысы тасқындаған рентабельді шаруашылыққа айналдырды. Бұл шаруашылық аудандық құрмет тақтасынан тұрақты орын алды десек, асыра айтқандық емес. Ол өз өтінішімен осы қызметтен босаған кезде шаруашылықтың есеп шотында рубль ғана емес доллар түріндегі қаржысы болған. Бірлік элеваторында тонналаған астықтары сақталып тұрған.

Жұмекеңмен әңгімелесу барысында ол өткен күндерді еске ала отырып, былай деді:

-Біз 1991 жылдан бастап Ресейге совхоз жұмысшыларын аттандырып, құрылыс материалдарын дайындаумен айналыстық. Оларға  ішкі мүмкіндіктерімізден қарастырылған арпа, бидай жөнелтіп, жылына 10-12 вагон құрылыс материалдарын алып тұрдық. Атап айтқанда, құрылысқа қажетті тақтай, цемент, шифер,  темірлер және тағы басқа да қажетті құрал-саймандар мен қосалқы бөлшектерді алып тұруға қол жеткіздік. Осындай игіліктің нәтижесінде совхоз орталығынан қос пәтерлі он шақты тұрғын үй, мал қыстауларында малшы үйлері мен мал қоралары, дала қостарында дихан механизаторларға арналған жатаханалар мен асханалар тұрғызылды.

Жұмекең өткен жайларды еске ала отырып,  көпшілікке тағылым болатын тұстарды тілге тиек етті. Оның бәрін мақтаныш сезіммен емес, өсіп келе жатқан жастарға бағыт-бағдар беретіндей толғаныспен жеткізе білді. Қай кезде де көпіртіп көп сөйлеуге бара бермейтін ол бұл жолы да қанға сіңген қасиетінен айныған жоқ.

 Бұдан кейінгі жылдарда да, яғни ел егемендігі салтанат құрған кезде де ауылда туып, ауылда өскен Жұмекең ауыл шаруашылығы саласынан алыстаған емес. Мәселен, 1996-1997 жылдары Шу ауданы бойынша экология және биоресурс бөлімінің бастығы болып жауапты қызмет атқарғаны болмаса, Қонаев ауылындағы «Кемер» өндірістік кооперативінің төрағасы болып ауыл шаруашылығы кәсібімен қайта айналысты. Арада үш жыл өткен соң «Нұр-2000» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ұйымдастырып, сол серіктестікке басшылық жасау қызметін әлі  күнге дейін жалғастырып келеді. Бұл серіктестікте жаңа жұмыс орындары ашылып, науқанды жұмыс кездерінде жиырма шақты малшылар мен механизаторлар еңбек етуде. Ең бастысы, олардың қай-қайсысы болсын жалақыларын дер кезінде алып отырады. Бұл жағынан Жұмекең басшылық қызметтерде жүрген кездерде ел алдында ұятқа қалған емес-ті. Егін және мал шаруашылығымен тұрақты айналысып келе жатқан бұл серіктестіктің жетістіктері өз алдына бір төбе әңгіме.

Жұмекең өз өмірінде қырық жылдай ел басқарған ел ағасы. Осы жылдарда қаншама еңбек адамдарымен бір сапта қызмет ете отырып, олардың сұраныстары мен талаптарын орындауда аянып қалған емес. Атап айтқанда, алдына өтінішпен келген жандарды жайбарақат қабылдай салмайтын. Ең болмаса бір шаруасын тиянақты тындырып беруге даяр тұратын. Осындай асыл қасиеті оның қолы ашық, жүрегі жомарт жан екенін даралай түсті. Әсіресе, ауылдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетім-жесірлерге қамқорлық пен қайырымдылық жасауды игі дәстүрге айналдырған. Соның бір айғағы, жақында ғана Тараз телеарнасында Ж.Оспанов жайлы «Жомарт жүрек» атты деректі бағдарлама көрсетілді. Бұл бағдарламаны көрген жандар Жұмекеңнің адамгершілігі мол, жауапкершілігі зор атпал азамат екендігін тани білді. Жергілікті жерде де жомарт жанның жақсы жақтарын кеңінен насихаттап жүрген ауыл адамдары да аз емес.

Адам өмірінің биік белесі 80 жасқа толғалы отырған Жұмахан Зәукетайұлы Оспанов туралы айта берсе, аңызға бергісіз әсерлі әңгімелер көп-ақ. Біз бүгін айрықша оқиғаларға ғана тоқталып өттік. Шу ауданының Құрметті азаматы, аудандық кеңес пен аудандық мәслихаттың бірнеше дүркін депутаты болған жайдарлы жан ілкімді іскерлігінің арқасында үлкен абырой арқалаған айтулы азаматтардың бірі және бірегейі. Ел ағасының осындай биік тұғырдан көрінуіне асыл жары, алты баланың анасы Оспанова Нұршакүл Олжабайқызының зор ықпал еткендігін атап айтқан жөн. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген аталы сөзді ардақтаған Жұмекең қай кезде болмасын ақ дастархан жайып, марқұм болған жарының рухына құран бағыштап келеді. Сондай-ақ, Нұршакүл жайлы сөз бастағанда тебіреніп, толқитыны тағы бар. Оның қазіргі жұбайы Айманбетова Гүлфиза да ерінің қас-қабағына қамқорлықпен қарайтын жан болып кездесті. Екеуінің отандасқанына да он бес шақты жылдың  жүзі жаңарды.  Ол Қонаев ауылындағы «Бәйтерек» балалар бақшасының меңгерушісі болып қызмет атқарып,  бар өмірін жас бүлдіршіндерді жан-жақты тәрбиелеуге арнап келеді. «Әке көрген оқ жанар» дегендей, Жұмекеңнің ұлдары ауыл шаруашылығы өндірісін өркендетуге өз үлестерін қосып келеді. Атап айтқанда, Оспанов Самат Көктөбе ауылында «Бала-Жайсан» ЖШС-ін, Оспанов Асхат Қонаев ауылында «Нұр» ЖШС-ін басқарып, шаруаларын дөңгелетіп келеді. Ал, Оспанов Сәбит Алматы қаласындағы «Азия-құрылыс» фирмасының басшысы болғандықтан, ел мүддесіне сай еңбек ете білуде. Жұмекеңнің келіндері Нұрғалиева Гүлжанат Шу қаласындағы «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі, Оспанова Ұлжан Жамбыл атындағы орта мектептің директоры болса, Айтқұлова Меруерт Шу қаласындағы С.Сейфулин атындағы орта мектеп директорының құқық ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. Қысқасы, ұл-қыздары да, келіндері мен күйеубаласы да бәрі жоғары білімді. Өз мамандықтары бойынша әр жерде еңбек етіп, ел еңсесі мен мәртебесін көтеруге өзіндік үлес қосып жүр.

Қазыналы қария, ардақты ақсақал, елге елеулі, халыққа қалаулы Оспанов Жұмахан Зәукетайұлы мемлекеттік бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған. Өнегелі өндіріс ұйымдастырушысы болғандықтан алған Алғыс хаттары мен марапаттау қағаздары қаншама десеңізші! Жұмахан Зәукетайұлы жайлы жерлесіміз, қаламы қарымды жазушы Қарауылбек Қазиев те өз туындысында жоғары баға бергендігі оқырмандарға белгілі. Қолы ашық, жүрегі жомарт жанның алдағы уақытта да бағындыратын биіктері көп бола беруіне тілектеспін. Замандас келбеті болған кейіпкеріміз жайлы төл туындымды мынадай өлең шумақтарымен түйіндеймін:

Сергек жүріп, жеттің бүгін сексенге,

Жеміс тердің қандай дәнді сепсеңде.

Бар бақытты таба біліп еңбектен,

Көтерілді ел алдында еңсеңде.

Қамқорлықпен қарайластың мұқтажға,

Мұның өзі үлкен көмек ұққанға.

Жомарттықпен жүзің жарқын болған соң,

Ұқсап тұрсың биік шыңға шыққанға.

Тұлпарлардың тұяғысың, тектісің,

Ел жағдайын жасауға да ептісің.

Абыройың арта берсін Жұмеке,

Мұның бәрі сізге құрмет деп түсін.

Ахметжан Қосақов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.