Сарысуда интернациолист жауынгерлерге арналған монумент ашылды

0

Сарысу ауданы Жайылма ауылының орталығында   «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры М.Сәрсеновтың демеушілігімен ауған соғысының жауынгерлеріне арналған  монумент ашылды.

Шараға аудан әкімі Қ.Мәдібек, аудандық мәслихат хатшысы С.Бегеев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Жаңатас қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы және орынбасары, ауған соғысының ардагерлері, мекеме басшылары, мектеп директорлары мен мұғалімдері және ауыл тұрғындары қатысты.

Монументтің ашылу салтанатында аудан әкімі Қ.Мәдібек  құттықтау сөз сөйледі.

— 1978 жылы Ауғанстанда сәуір айында төңкеріс болып, оның соңы аяқталмас соғысқа айналды. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуымен де ұзаққа созылды. 1979 жылы кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізді. Оған 22 мың қазақстандық қатысты. Он жылға созылған соғыста қазақ жігіттері де толарсақтан саз кешіп, от пен оқтың ортасында шайқасты. Қаншамасы сол жақта ерлікпен қаза тапты, хабар-ошарсыз, із-түссіз кетті. Солардың ішінде Қанат Мұсаев, Серікбек Мәлтаев, Ораз Ысқақовтың ерлігі жадымызда мәңгілік сақталады. Олардың жасаған азаматтық істері, азаматтық борышын өтеуде көрсеткен үлкен ерлігі кейінгі жас ұрпақ үшін әрқашан үлгі — өнеге. Ол кісілердің есімін мәңгі есте сақтайық. Тұрақты құрмет көрсетіп тұрайық. Елімізге тыныштық, ынтымақ пен бірлік тілеймін,- деп  ауған соғысының ардагерлері Орталық Азия елдері мен Қазақстандағы ардагерлер ұйымдарының үйлестіру кеңесінің атқарушы хатшысы Алтай Сармолдаев және Рахымжан Ыдырысұлына аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Одан кейін ауған соғысының ардагерлері Орталық Азия елдері мен Қазақстандағы ардагерлер ұйымдарының үйлестіру кеңесінің атқарушы хатшысы Алтай Сармолдаев және ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбек Сатқынтегі құттықтау сөз сөйлеп, монумент ескерткішті ашты.

Бір минуттық үнсіздіктен соң ауған соғысының ардагерлері қаза болған қаруластарын еске алып,  жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ауған соғысы ардагерлерімен қатар, мекеме қызметкерлері де  арнайы ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.