Еріктілер жылы аясында форум өтті

0

Жаңатас көпсалалы колледжінде «Жастар Ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен  «Еркін елдің еріктілері» атты Еріктілер жылы аясында форум өтті.

Форумға аудан әкімінің орынбасары Л.Нұрмаханова, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Орымбаев, мекеме, бөлім қызметкерлері, колледж студенттері мен жоғарғы сынып оқушылары және ауданның белсенді жастары қатысты.

Форумда аудан әкімінің орынбасары Л.Нұрмаханова сөз сөйледі.

-Бүгінгі өткізіліп отырған «Еркін елдің еріктілері» атты жас-тар форумына қош келдіңіздер. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Адамды қайырымдылық пен игі істерге шақыратын жылда аянбай еңбек етуіміз айнымас парызымыз. Еріктілер жылында жастардың қосатын салмағы мол. Атқаратын жұмыстары ауқымды. Сондықтан жастарды өз заманының озық тұлғасы болуға шақырамыз. Бірге еңбек етейік. Себебі бірлік бар жерде-тірлік бар екенін бабаларымыз кеңінен ұғындырған. Бүгінде атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Волонтерліктің 7 бағыты бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, жұмыстар жүргізілуде. Жаңатас қаласы мен ауылдық округтерден еріктілер базасы жасақталып, жұмыстарды үйлестіру қолға алынуда. Жыл басынан бері қала мен барлық ауылдық округтерде еріктілер қарт кісілер мен жалғызбасты аналардың үй шаруаларына көмектесті. Сондай-ақ кәсіпкерлердің қолдауымен тұрмысы төмен 12 отбасыға тегін азық-түлік жеткізді. Жақсылық жасауда жарысып жүрген ауданымыздың жастары басқаларға үлгі бола білуде.

Басы игі іспен басталған «Еріктілер жылы» мұнымен тоқтап қалмай жан-жақты дами береді. Аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы 2019 жылы желтоқсанда өткен Жастар ісі жөніндегі Кеңес отырысында жастарға аудандық әкімшілік тарапынан қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Демек, қолдау бар жерде қолдағы тірлікте береке мен ырыста артады. Ендеше, несібелі жылда немқұрайлықты ұмытып, еліміздің патриоты болуға баршаңызды шақырамын. Кемел келешек жастардың қолында.

Өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін жастар кейінгі буынға үлгі бола білу керек,-деп жыл басынан бері  тұрмысы төмен отбасыларға қамқорлық жасап, жалғызбасты аналар мен қарт кісілердің үй шаруаларына қолдау көрсету және мүмкіндігі шектеулі жандарға қолғабыс ету жұмыстары жасалғанын жеткізді.

Сонымен қатар, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Ж.Орымбаев жастарды Отанын сүюге, елімізге абыройлы қызмет етуге, қарияларға қамқорлық көрсетуге, білімді болуға шақырды.

«Жастар ресурстық орталығының» директоры  Ж.Жұмағұл «Еріктілер жылының» 7 бағытымен таныстырып өтті. Сондай-ақ «Жаңатас жастары» еріктілер қозғалысының мүшесі  Ә.Сыздықова, Тоғызкент ауылдық округі еріктілерінің мүшесі Қ.Мұстафаевтар жастарды бірлікке, татулыққа шақырып, еліміздің өркендеуіне, ауданымыздың гүлдену жолында еңбек етуге шақырды.

Форумда Сарысу ауданы волонтерлар қозғалысының үйлестірушісі болып  Бауыржан Балғабай тағайындалды.

Форумды аудан әкімінің орынбасары Л.Нұрмаханова қорытындылады.

С.Есқараев

Leave A Reply

Your email address will not be published.