Аудан әкімі аналар қауымын құттықтады

0

Қоғамдағы аналардың мәртебесін көтеру, оларға деген құрметті еселеу бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Мемлекетіміздің ең бағалы факторы – адамды дүниеге әкелетін аналарға құрмет көрсету, қамқорлық жасау – парыз.

Әйелдер бақыты – ел бақыты, Отанның тұтастығы. Сондықтан әр отбасында, кеңседе, барлық қоғамдық орындарда әйел-анаға деген ілтипат, ізет қажеттіліктен емес, риясыздықпен жасалуы керек шығар. Елімізде әйелдердің қоғамдағы рөліне зор маңыз беріледі. Баяғы Томирис, кешегі Әлия мен Мәншүктің ізі – қазақ әйелі соған лайық та.

Міне, көктемнің алғашқы мерекесінің бірі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер  мерекесі қарсаңында жылдағы дәстүр бойынша аудан әкімі Қанатбек Мәдібек ауылдық округтердегі аяулы аналарды арнайы құттықтап барды.

Әуелі Түркістан ауылдық округі, Арыстанды ауылындағы Күрді ұлтының өкілі, 11 баланың анасы (бүгінгі күні 8 баласы бар), «Батыр ана» Вордак Алиеваның шаңырағына ат басын тіреді. Ардагер ана аудан басшысының өзі келіп, мерекемен құттықтап жатқанына қуанып, аналық алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Мұнан соң Ә.Бүркітбаев ауылының тұрғыны, бес баланың асыл анасы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, 40 жыл бойы шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаз Жанат Сабырбекованы да құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тіледі.

Сондай- ақ, аудан басшысы Игілік ауылдық округіндегі он баланың аяулы анасы,  28 немере мен 24 шөберенің сүйікті әжесі, «Батыр ана» Жүзімкүл Жұматаеваның шаңырағында  болды. Арнайы мерекеге тартуымен келген аудан әкімін жылы шыраймен қарсы алған көпбалалы ана, еңбек ардагері қуанышын жасыра алмай, ыстық тілегін жеткізді.

Келесі бас сұққан Игілік ауылдық округі, Өндіріс ауылының тұрғыны, он баланы дүниеге әкеліп, сол ұрпақтан қазіргі таңда 20 немере, 2 шөбере сүйіп отырған «Батыр ана» Орынкүл Нұрпейісованың үйі болды. Мерекемен құттықтап, жылы лебізін арнаған аудан әкіміне көпбалалы ана да өзінің ризашылық көңілін білдіріп:-Қартын ардақтаған ел озар деген сөз бар. Ардақты да аяулы аналарды сыйлап, құрметтеп келіп жатқандарыңа алғысымыз шексіз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ауданымыз көркейе берсін. Өздеріңдей аналарды, үлкендерді құрметтейтін ұрпақ көбейсін,-деп жүректегі қуанышымен бөлісті.

Мерекемен құттықтап барған барлық аналарға бір құшақ гүлмен бірге сый-сияпаттарын да тарту етті.

Құрметке бөленген ардагер аналар ізгілікті мұраттаған аудан басшысына ризашылықтарын айтып, ынтымағы жарасқан Тәуелсіз елдің алар асуы мол екендігіне сенім білдірді.

Камели Сүлейменова

Leave A Reply

Your email address will not be published.