Ұстаз ұлық қашан да

0

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған.

Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

Осындай құрметке ие, әріптестерінің, шәкірттерінің ортасында білікті де білімді ұстаз атанған, Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің биология пәнінің оқытушысы Алтынкүл Ырысжанқызы Ыдырысбаева.

Болашақ ұстаз 1983 жылы ҚазПИ-дің химия-биология бөлімін  аяқтап, алғаш еңбек жолын Шымкент облысы, Созақ ауданы, Құмкент елді мекеніндегі М.Әуезов атындағы орта мектебінен бас-тады. Ал, 1986 жылдан Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында еңбек жолын жалғастырып келеді. Ең әуелі  қаладағы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында, 1991 жылдан бері Абылай хан атындағы мектеп-лицейінде жұмыс атқарып келеді. Осы жылдар ішінде 1994-1998 жылдар аралығында мектептің тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары жұмысын атқарды. «І-деңгейлі», «Тәжірибедегі рефлексия» курсын және «Жаңартылған жаңа мазмұндағы» курстарды тәмамдаған. Республика көлемінде бірнеше жинақтары жарық көрген.

Облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамотасымен, 2018 жылы «Үздік биология пәні мұғалімі-2018» атты республикалық байқауының І дәрежелі дипломымен және төсбелгісімен, 2019 жылы Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Мектеп саласында жұмыс атқарып жүрген уақыттарында бірнеше түлектерге сынып жетекші болып  қанаттандырып ұшырған. Қазіргі таңда 11-сыныптың жетекшісі. Оқушылары аудандық, облыстық пәндік және әртүрлі сайыстардың жеңімпаздары.

Алтынкүл апай өз білімі мен талантты ғибратын, тәжірибелік әдіс-тәсілдерін жастарға жеткізуден еш жалыққан емес. Өзі дәріс беретін және жетекшілік ететін шәкірттерімен тең дәрежеде сөйлеседі, сонымен қатар, жастарға зор сеніммен қарайды. Ол шәкірттері бойына адалдықты, жауапкершілікті дарыта біледі. Егер сын айтса анық, нақты, көңілге кірбің түсірмейтін сөздермен айтады. Ол сөздер жүрекке инедей қадалмай, ілгері ұмтылуға септігін тигізеді. Бұл жақсылықтың шарапаты. Алтынкүл апай ұрпақ бойына саналы ой, сапалы білім беруді өмірінің ұстанымы еткен абзал жан.

Leave A Reply

Your email address will not be published.