«Абай – дана, Абай – дара қазақта»

0

Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Саудакент балалар саз мектебінде «Абай-дана, Абай-дара қазақта» атты тақырыпта Қазақ музыка әдебиетінің мұғалімі Дәметкен Әйкенова сынып сағатын өткізді.

Сабақ басталмас бұрын теория пәнінің мұғалімі Гүлжайна Бабашева Абай Құнанбайұлына арнауын оқып, жас бала Абайды ортаға шақырды. Ондағы мақсат қазіргі жас ұрпаққа бала Абайдың бейнесін таныстыру. Бала Абайдың бейнесін Әбілмұса Әбдіманапұлы сомдады. Мұғалім «Абай-дана, Абай-дара қазақта» тақырыбында баяндама оқыды. Абайдың балалық шағынан, қазіргі бізге танылған қазақтың бас ақыны ғұлама,ойшыл ақын,ағартушы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор екенін атап өтті. Ел тарихында өшпес із қалдырғанын, біздің ұлт болып бірігуімізге,ел болып дамуымызға жол ашқан, қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер екенін айқын жеткізе білді.

Іс-шарада Саудакент балалар саз мектебінің директоры Мұрат Аубакиров сөз сөйлеп, Абайдың шығармаларына, қара сөздеріне жеке-жеке тоқталып, мағыналарын терең түсіндіріп өтті.

Сынып сағатында ақынның «Желсіз түнде жарық ай» әнін Дәметкен Әйкенова тамылжыта шырқаса, Толғанай Нұрлаш «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», Арай Алтынбек «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол», Нұрдана Мұсахан «Қыс», Жансая Марат «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы», Нұрсая Марат «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп», Қабыл Қуанышбек «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңдерін мәнеріне келтіре оқыды.

Абай өзінің қара сөздерінде адамдық ар-ожданға кір келтіретін кемшіліктерден арылып, ең алдымен рухани өркениетке ұмтылуға, білім арттыру жолына түсуге және өз халқының ғана емес, басқа халықтардың да өнері мен кәсібін үйренуге шақыра отырып, мұның бәрі тәуелсіздікке жетудің бірден-бір дұрыс жолы екенін атап көрсетті.

Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқыған Әсем Қоңыратбек, Айжамал Аббасованың өнеріне көрер-мендер тәнті болып, ерекше ықыласпен қабыл алды.

Камели Сүлейменова

Leave A Reply

Your email address will not be published.