Сенбілікте серпінді болайық

0

Табиғаттағы жаңарудың белгісі көктем болса, осы тіршіліктің оянар шағындағы тазалықтың орны бір бөлек. «Тазалық таза ұстаған жерде» деген қағиданы көп адамдар ұмыт қалдырып жатады. Қазақ ықылым заманнан «Тазалық табалдырықтан басталады» деп айтудан жалыққан емес. Ислам дінінде де тазалықты иманмен теңестіріп, «Тазалық — иманның жартысы» дейді. Осыдан-ақ адам өмірінде тазалықтың қаншалықты маңызды екендігін ұғынуға болады.

Көктем шыға сала ауданды көркейту, абаттандыру мақсатындағы тынымсыз тіршілік басталып кеткен-ді. Тазалық жұмыстары жыл бойына жалғасын тауып жатқаны баршамызға белгілі. Ми қайнатар ыстықта да, қылышын сүйреткен қақаған қыста да қоғамдық жұмысшылардың қолынан күрегі мен сыпырғысы түскен емес. Демалыс күндеріне қарамай жұмыс күндері де жаппай сенбілік науқаны жүріп жатыр. Ауданның ажарын аша түсетін тал-дарақтар ақталып, тонналап қоқыстар шығарылды. Алайда, көпшілік үшін дәстүрге айналған сенбіліктерде тұрғындар бой көрсетіп жатқан жоқ. Жасыратыны жоқ, қоғамдық жұмысқа тартылған адамдар тазалайтын көшелер болмаса қалған көшелердің жағдайы мәз емес.
Түптеп келгенде ортақ істің оңтайлы жүзеге асырылуы — әрбір аудан тұрғынының белсенді әрекетіне тікелей байланысты екендігін естен шығармағанымыз жөн. «Ертең де күн бар ғой» деп сол баяғы ескі әдетіне басып, игілікті шараға қатысуға селқостық танытып, ұзын арқан, кең тұсауға салған жерлестеріміз алдағы күндері бой көрсетіп қалар деген үміт басым. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші шулық тұрғындар бір серпіліп, серпінді іске сергектік танытар деген ойдамыз.
Биыл ауданымыздың тоқсан жылдығы аталып өтпекші. Торқалы тойға сырттан меймандар көп келетіні айтпаса да белгілі. Олай болса, шырайлы да шуақты өлкемізді шашылған қоқыстардан тазартып, көк желекпен көмкеріп, көрер көздердің тамсанып кетуіне әрекет жасайық. Ортақ үйіміздің тазалығын сақтау — ортақ міндет екенін естен шығармайық!

Айғаным РЫМБЕКҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.