Көпбалалы ардақты ана

0

Ана мейірімінің орны бөлек. Дүниеде ананың ақ сүтінен қымбат, ананың алақанынан аяулы ешнәрсе жоқ. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» дейді дана халқымыз. Расында, пәни жалғандағы жұмақ ананың алақанында болса, жәннат — ананың табанының астында» деген сөз бар.

«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды»,-деген осы бір құдіретті сөз әр баланың жүрегіне жылулық сыйлары анық. Осындай перзенттерінің жүрегіне жылулық сыйлап, немере, шөберелерінің мейірімді ұстазы болып жүрген аяулы анамыз Зақан Тәжіқұлова туралы жазуды жөн көрдік.

Көпбалалы ана Зақан Тәжіқұлова 1939 жылы Меркі ауданында шаруа отбасында дүниеге келген. Балалық шағы сол Меркі жерінде өткен. Ардақты ана Үшбас ауылының тұрғыны, жолдасы Сәтбек Иманбековпен 1957 жылы бас қосып, бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлгілі отбасы.

Үшбас ауылының тұрғыны Зақан Тәжіқұлова 8 қыз, 3 ұл дүниеге әкелген батыр ана. Қазіргі кезде балаларынан өсіп тараған 43 немересі, 34 шөбересі бар. Ұрпағының білім алуына жағдай жасап, тәрбие берген ана Кеңес өкіметі тұсында және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтан екі рет «Алтын алқа» алып марапатталған. Ұл- қыздарына өнегелі тәрбие берген ана әрі немерелерінің асыл әжесі. Зақан анамыз жолдасы Сәтбек ата қызметте жүргенде ұл-қыздарына өмірдің дұрыс жолын көрсетіп отырған аяулы ана десек артық айтқандық емес. Көпбалалы ана жуырда ғана 80 жасқа толып, ұрпақтары той жасап берген жайы бар.

Зақан анамыз жастарға өзінің жолын тілейді. «Әр баланың өз несібесі бар» демекші қазіргі кезде мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетіп отырғанда, өмірге ана болып бала тәрбиесін қолға алуды айтып отырады. Ардақты анамыз барша аналарды 8 наурыз мейрамымен құттықтап, елімізге тыныштық тілейді.

Гүлнара Байбосынова

Leave A Reply

Your email address will not be published.