Биікке жетелеген білікті басшы

0

Жер бетіндегі бар тіршілік нәр алып, табиғат оянып, көңілге қуаныш ұялататын көктемнің ең жарқын мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде газетіміздің әр беті де құлпыра түседі. Себебі, әр мақаламызды нәзік жандыларға арнаймыз.

«Әйелдер жүрген жерде әрдайым адалдық, объективтілік пен алға ұмтылу бар» — деп Елбасымыз айтқандай, қазіргі кезде де өзінің өнегелі ісімен лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, мемлекетіміздің өміріне белсене араласып, қай салада болмасын үлкен жетістіктерге жетіп жүрген әйелдер қауымы бүгінгі күні аз емес. Біздің бұл мақаламыз өмір жолын ұстаздық қызметке сарп етіп, абыройлы борыш үдесінен табылып, жаңа заманның ауыр жүгін қайыспай көтере білген білікті басшы Нағима Жарылғанқызы Райкуловаға арналмақшы. Ол үнемі ізденіске толы өмір жолында қарапайым мұғалімдіктен басшылыққа дейінгі өнегелі баспалдақтардан өтті.

Білікті басшы деп ерекше екпін түсіргеніміз, Нағима Жарылғанқызы қазіргі таңда аудан әкімдігі  білім бөліміне қарасты балалар-жасөспірімдер орталығының директоры қызметін атқарып отыр. Ал алғашқы еңбек жолын 2007 жылы М.Мақатаев  орта мектебінде  аға тәлімгер, 2012 жылы БЖО-ның үйірме жетекшісі, 2013 жылы Шу «Алмас» колледжі сырттай бөлімінің хатшысы,  2014 жылы БЖО директорының оқу ісі жөінндегі орынбасары болып жүрген уақытта, оған 2016 жылдан бастап аталмыш орталықтың директорлық лауазымы сеніп тапсырылған.

Осы уақыт аралығында білім ордасында қаншама жетістіктердің орын алуына бірден-бір себепші болған осы бір нәзік жанның бойындағы қайрат пен жігерлік. Нағима Жарылғанқызының ұйымдастырушылық қабілетінің шыңы өз жемісін беруде. Биыл ашылғанына 18 жыл толған білім ұясында 30-дан аса білікті ұстаздар 1731 оқушыны қосымша білім нәрімен сусындатуда.

Атап өтерлігі, балаларға шығармашылық бағытта білім беретін орталық «Жас қыран», «Жас ұлан» балалар ұйымдарының жұмысын жүргізеді. Одан бөлек аудан бойынша өткізіліп жатқан мәдени, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқаулардың басым бөлігі осы орталық арқылы ұйымдастырылуда.

Шәкірт жүрегіне жол табумен қатар, ұжыммен тіл табысып кету үшін де адамның бойында ерекше қасиет болу керегі анық. Ұжымды айрандай ұйытып, ынтымаққа бастай білген білікті директор алдымен орталықтағы кадр мәселесінің тұрақталуына, педагогтердің қазіргі жаңа талапқа сай әлеуетінің көтерілуіне жағдай жасап келеді. Оған Н.Райкулованың оқу-тәрбие үдерісінде жеткен жетістіктері, жоғары кәсібилігі, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесі үшін бірнеше мәрте  аудан әкімдігі білім бөлімінің, облыс әкімдігі білім басқармасының, облыстық балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының Құрмет грамотасымен марапатталғандығы дәлел.

Кейіпкеріміз педагогикалық ұжымды үнемі жаңашылдықпен жұмыс істеуге шақырады. Шәкірттердің білімге деген ынтасын арттыру мақсатында биік талап деңгейінен көрінуде талай игі істердің ұйытқысы болуда. Білікті басшы ел болашағын тәрбиелеуде тынымсыз күндер мен түндерді артқа тастап, абырой биігінде келеді.

Б. ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.